Бейсенбі күні Шымкенттің әскери гарнизон сотында былтыр жазда қоғамда резонанс тудырған Арыстағы төртіші жарылысқа қатысты сот басталды.
14 мамыр күні өткен сот тыңдауында судья сотталушылар және олардың қорғаушыларымен танысты. Сот мемлекеттік тілде өтуіне байланысты бұл іске орыс тілінен аудармашылар да шақырылған. «Әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында қауіпсіздік ережесі сақталмаған, оқ-дәрі шамадан тыс көп жиналған және өрт сөндіру жүйесімен қамтамасыз етілмеген» деген айыппен қозғалған істе әзірге 16 күдікті, 25 авдокат, 1500-ге жуық жәбірленуші тіркелген.
Айыпталушы ретінде қатысқан 16 әскери адамның қатарында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері де, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар.
Елдегі карантин режиміне байланысты астанадағы сот залымен онлайн байланыс орнатылып, іске қатысты азаматтармен танысу жүргізілді. Жауапкерлер мен олардың қорғаушыларының көптігі соншалық, Шымкенттегі әскери гарнизон сотында екі залға бөліп орнаталастырып, бейне конференция арқылы тілдесті. 16 сотталушыға тағылған айып әр түрлі. 448 томнан тұратын қылмыстық істе әскерилерге қызметіне салғырттық, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу сияқты айып тағылып отыр.
Былтыр 24 маусым күні Арыстағы әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жарылыс болып, салдарынан қала халқы босып кеткен еді. Адами фактордан болуы ықтимал апаттан 3 адам мерт болып, 30-ы жарақат алған. Сондай-ақ 9 мыңнан астам нысан бүлініп, 500-дей үй жарамсыз болып қалған. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жойқын жарылыстың зардабы 143 млрд теңгеге шығады.