Әлемді үрейге салып отырған коронавирус Қытайдан өзге мемлекетте тым тез қарқынмен өршіп, вирус жұқтырғандар саны екі аптаның ішінде 13 есеге өсіп кетті. Вирустың бұл қарқынды таралуына қарай отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерінің үкіметтерін қатаң шараларды қабылдауға шақырды. Алайда, кейбір елдерде қабылданған шаралар Қытайдағыдай өнімді бола қоймады.
Қаңтар айында Қытай вирусқа қарсы қатаң шараларды қабылдады. 65 млн халық өмір сүретін бірнеше ірі қаланы карантиндеп, тұтас ел көлемінде бақылауды күшейтті және барлық жол қатынасына шектеу қойды. Қытай билігінің жұқпалы індетке қарсы шараларының қатарында инфекция ошағы Ухан қаласында он күннің ішінде құрылған мыңдаған адамды қабылдауға қабілетті емхана да бар.
Қытай осы шараларды қолданып жатқанда әлем елдерінің ақпарат кеңістігі Бейжіңнің шараларына сын көзбен қараған еді. Кейбір сарапшылар бұндай қатаң шараларды демократиялық елдерде жүзеге асырудың қиын болатынын да айтқан болатын. 10 наурыздан бастап Қытай билігі вирусқа қарсы күрестің нәтижелі болғанын мәлімдей бастады. Егер Бейжің таратқан ресми мәліметке сенсек вирустың жаңа адамдарға жұғуы толықтай тежелген.
Бірақ, Қытайдың бұл тәжірибесін әлемнің басқа елдеріне қолдануға бола ма? Нью-Йорктегі Халықаралық қатынастар орталығының ғылыми қызметкері Ян Жунхуан Қытай тәжірибесін демократиялық елдерде қолдану және оның оң нәтижелі болуы өте қиын екенін айтады. Ол BBC-ге берген сұхбатында: «Мейлі ол демократиялы немесе демократиялы емес елде болсын қоғамға мұншалық терең әсер етуі екіталай. Егер демократиялық елдер лидерлерінің қай-қайсы да бұл тәжірибені қолданамын десе де қателескені. Себебі, бұл тәжірибені жүзеге асыруға билігі де, күші де жетпеуі мүмкін», – деген.
Дегенмен, тәж вирусына қарсы күресу үшін диктатураның қажеті жоқ деген көзқарастағы сарапшылар да бар. Айталық, Еуропа елдері арасында Италия ең қатаң шаралар қабылдаған ел болды. Індет жағдайы асқынып кеткеннен кейін 60 млн халқы ел толықтай карантинге жабылды. Оның нәтижесін алдағы уақытта көрілмек. Әрине, демократиялық қоғамда жасағандар үшін амандасудан тартып, мәдени орталықтарға іс-шараларға жиналуға дейін қойылған шектеулер, тіпті үйінен шықпай отыру, бір жерден екінші жерге бару үшін маңызды себеп көрсету сынды шаралар (Италиядағыдай) диктатураны қабылдаумен бірдей сезілері анық. Тіпті, эпидемияға қарсы күрес жүргізуде Қытай тәжірибесін ұсыну диктатураны уағыздау қатарында қабылдануы мүмкін.
Бірақ, Қытай тәжірибесінің алар тұстары бар. Айталық, вирусқа қарсы күресте жылдамдықтың аса маңызды екенін білуге болады. Вирусқа шалдыққан адам мен онымен қарым-қатынас орнатқан барлық адамды тауып шығудағы жылдамдық, вирустың таралу жылдамдығынан да тез болуы керек. Бұған қоса, ел азаматтарының қоғамдық танымдары да үлкен әсер ететінін көптеген сарапшылар айтып жатыр. Айталық, қауіпті нідет алдында үкіметтен емес, вирустан қорқып жалпылық ережелерге, билік шарасына мойын ұсыну да маңызды.
Түрлі пікірлер, түрлі тәжірибелерді салыстыра келе Қытай тәжірибесі вирусқа қарсы күрестің жалғыз ғана үлгісі емес екенін байқау қиын емес. Диктатураның көмегімен бүкіл елі үйлеріне қамап тастамай-ақ, індетке қарсы нәтижелі күресіп жатқан жұрттар да жоқ емес. Айталық, Оңтүстік Корея қатаң шараларсыз үкіметтің жедел де толассыз әрекеттері нәтижесінде індеттің таралу жағдайын оңға бұрып кетті. Соңғы мәліметтерден Оңтүстік Кореядағы індет жұқтырғандар санының азайып жатқанын көріп отырмыз.