Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының тіркелуі жөніндегі бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтқан болжамына пікір білдірді.
«Коронавирус әлемді жайлап барады, инфекция 115 елге тарады. Олардың қатарында жақын көршілеріміз, сондай-ақ, елімізбен тікелей әуе қатынасы қалыптасқан мемлекеттер де бар. Біз де әлемнің бір бөлігіміз, сондықтан, оқшауланып, бөлектене алмаймыз. Мұны бәріңіз жақсы түсінесіздер. Инфекция Қазақстанға да жетуі мүмкін, оны жоққа шығармаймыз», – деп жазды министр Facebook желісіндегі ресми парағына.
Оның сөзінше, үкімет коронавирус инфекциясын елге кіргізбеу мен таратпау бағытында «бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылдаған» көрінеді.
Сондай-ақ ол «Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқас тіркелген жоқ!Ал, бас санитарлық дәрігер Бекшин ғалымдардың статистикалық модельдеу әдісімен жасаған болжамына сүйеніп, коронавирустық инфекция елімізге де жетуі мүмкін екенін айтқан еді», – дейді.
Қазақстанда коронавирустық инфекция анықталмағанын қайталаған Біртановтің дерегінше, «ғалымдар зерттеу барысында сырттан келген жолаушылар легі мен коронавирус тараған мемлекеттердегі деректерді пайдаланған». …«Бірақ отандық ғалымдардың болжамы іс жүзінде болмауы да мүмкін».
Кеше, 10 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин алдағы 5-6 күн ішінде елде коронавирус диагнозы тіркелуі мүмкін екенін айтқан еді.