АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде, жаңа коронавирустан экономикалық тұрғыда зардап шеккен компанияларға қолдау көрсетуге уәде етті.

Мұнай өндіруші елдер арасындағы келіспеушілік және жаңа індет қаупі қорлар бағасының құлдырауына әкеліп соқты. Осыған байланысты АҚШ президенті өзінің экономика жөніндегі кеңесшілерімен және қаржы министрімен арнайы кездесу өткізді. Экономикалық кеңесшілері оған індет жағдайынан кейін сауда-экономикалық тұрғыда зардап шеккен кәсіпорындарға үкіметтік қолдау көрсету жолдарын ұсынды.

Осы жиналыстан кейін президент Трамппен бірге вице-президенті Майк Пенс, АҚШ қаржы министрі Мнучин, денсаулық сақтау министрі Азар және денсаулық сақтау саласының кейбір қызметкерлері Ақ үйдегі баспасөз орталығында журналистермен кездесті. АҚШ қаржы министрі жиын кезінде: «Бір жылдан кейін экономикада жақсы жағдай орнайды», – деп мәлімдеген.

Президент Трамп сейсенбіде (Уашингтон жергілікті уақытымен) Конгресс басшыларымен кездесуде Ақ үйдегі жиналыстағы ұсыныстар бойынша үкіметтік қолдау мәселесін кеңірек талқыламақ. Әсіресе, конгресмендермен жалақыға салынатын салықты қысқарту шарасын жіті әңгімеге салады.

АҚШ-тың туризм саласы жылына ел қалтасына 1,6 триллион доллар табыс әкеледі. Жаңа тәж вирусына байланысты АҚШ-тың туризм саласы аур зардап шегеді деп күтілуде. Осыған қарағанда, Трамп әкімшілігі үкіметтік қолдауға алатын салалар қатарына туризм саласы да кіруі мүмкін. Трамп оған қоса азаматтық авиация, теңіз тасымал компанияларын да қолдауға алатынын жеткізді.

Мұнай бағасының арзандауына байланысты АҚШ үкіметі алаңдап отырмағаны байқалады. Трамп сөзінде мұнай бағасының төмендеуі тұтынушылар үшін пайдалы екенін, айталық жанар жағар майдың арзандайтынын айтты.

“The Qazaq Times”