COVID-19 коронавирусының таралу қаупі артты. Соңғы деректер бойынша, вирус 89 мемлекетте тіркелген.
Әлем бойынша 101321 адамнан вирус дерегі анықталса, 3485 адам қайтыс болған. Вирус жұқтыру қаупі жоғары бірінші санаттағы елдер қатарында Қытай (80651), Оңтүстік Корея (6593), Италия (4636), Иран (4747), Франция (577), Жапония (348) тұр. Германияда коронавирусты жұқтырғандардың саны соңғы бір тәулікте 109-ға артып, 534-ке жеткен.
Қазіргі уақытта коронавирустың тарауы себепті көптеген халықаралық шаралар кейінге шегерілді. Мәселен, Италияның ішкі біріншілігі – А сериясының 26 кезеңінің барлық ойындары көрермендерсіз өтетін болды. Соңғы уақытта 2020 жылғы Еуропа чемпионаты өтпей қалуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. УЕФА өкілдері ойындарды қабылдайтын елдердің нұсқауларына сай әрекет етеміз дегенді айтады. 12 наурызда Грекияның Олимпия қаласында басталып, 26 наурызда Жапония аумағында аяқталу жоспарланған олимпиада жоспарына да өзгерістер енгізілуі мүмкін.