Жаңа коронавирус – covid-19 вирусы байқалған елдердің саны 60-тан асып кетті. Әлем бойынша аталған вирусқа шалдыққандар саны 90 мың болып, оның 80 мыңнан астамы Қытайда тіркелген және қаза болғандардың саны 3 мың адамнан асты.
Қытайда бастап таралған вирус қазір әлемнің 64 еліне тарады. Осы тұста БҰҰ-дағы Қытай өкілі Қытайдағы жағдай біршама тұрақтанып қалғанын айтты. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Италияда вирустың таралуы қауіпті деңгейде тұрғанын айтты. Ресми мәліметтерге қарағанда, Италияда вирустан көз жұмғандар саны 52-ге жеткен.
Қауіпті вирус көршілес Ресейді де кезіп жүр. Кеше ғана Италиядан Мәскеуге ұшып барған 13 адам емханаға жатқызылды. Олармен сапарлас болған ресейлік азаматтар да карантинге жатқызылды. Бұл күдіктілердің қатарында журналистер де бар екені айтылады.
Бірақ, Ресейде вирус қаупінен көрі елде тарап жатқан фейк мәліметтер үкіметтің басын көбірек қатыруда. Ресейде орталық қала Мәскеуде вирустың массалық күйде тарап жатқаны және оны үкіметтің жасырып отырғаны туралы ақпарат кеңінен тарап кеткен. Ел билігі бұл ақпараттың жалған екенін бірнеше рет ресми мәлімдеме арқылы айтты.
Group-IB мәліметіне қарағанда бұндай фейк мәліметтер отбасылық чаттар мен мектеп оқушыларының ата-аналарының әлеуметтік желі топтары арқылы тараған.
Бұндай ақпараттар тек қана Ресей де ғана емес, Беларусь, Украина, Қырғызстан және Қазақстанда да бар. Қауіпті вирус туралы алып қашпа әңгіме елімізде де белгілі деңгейде әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Солай да, бұндай төтенше жағдайда үкіметтің барынша ашық болып, халықтың дұрыс мәліметтерге қолжетімділігін қадағалауы аса маңызды.