Қазақстан коронавирус дерті тараған бірқатар елмен әуе қатынасын шектейді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Ресми өкіл: «Қазір бірінші санатқа жататын мемлекеттерге рейстерді шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл Оңтүстік Корея, оңтүстік-шығыс Азия елдері. Толық тізімді денсаулық сақтау министрлігі бекітеді», – деді. Оңтүстік Кореяда барлық ірі провинциялар мен қалалар инфекция жұқтырған адамдардың бар екені туралы хабар берді. Оңтүстік Корея астанасы Сеулде тағы төрт адам вирус жұқтырған. Елде аталған дерттен 11 адам қайтыс болды, 1146 адам вирус жұқтырған.

Тізімге Иран да енгізілуі мүмкін. Себебі Иранда жаңа типті коронавирусты 43 адамның жұқтырғаны анықталса, қатерлі вирус салдарынан қаза тапқандардың саны сегізге жетті. Ресми мәліметтер бойынша, Иран Қытайдан кейін коронавирус дертінен ең көп жапа шеккен ел қатарына енген. Осы аптада Түркия мен Тәжікстан Иранмен арадағы шекараны жауып, әуе қатынасын тоқтатты.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитар дәрігерінің қаулысы шыққан болатын. Оған сәйкес, бірінші санатқа науқастар саны он адамнан асатын мемлекеттер жатқызылды.

Қазіргі уақытта Қытайдан тыс жерде ең көп науқас тіркелген елдер: Оңтүстік Корея – 1146, Жапония – 851 (олардың 691-і – Diamond Princess круиздік лайнерінің жолаушылары мен экипаж мүшелері), Италия – 229, Сингапур – 90, Иран – 61, АҚШ – 53, Таиланд – 35, Австралия және Малайзия – 22 адамнан бар.

"The Qazaq Times"