Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсян сотқа әкелінді. Оған мемлекет бюджетінен 1 миллион доллардан астам қаржы жымқырды деген айып тағылған. Бұл туралы Abhaber.com хабарлады.
Ереван соты Саргсянмен бірге төрт адам – бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Серго Карапетян және оның орынбасары болған Самвел Галстян, кәсіпкер Барсег Бегларян, өсімдік зерттеу басқармасының бұрынғы бастығы Геворг Арутюнянның ісін қарайды.
2008 жылдың 1 наурызында президент сайлауының қорытындысына наразы халық қарсылық акциясын өткізген еді. Акция кезінде 10 адам қаза тауып, 250 адам ауыр жарақат алған болатын. Арменияның арнайы тергеу қызметі 2018 жылы 26 шілдеде осы қарсылық шарасына шығушыларды арандатты деген айыппен Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарянды екі айға қамауға алған. Енді, С.Саргсянға да осындай айып тағылған. Армения президенттігіне екі рет сайланып, 2018 жылы премьер-министр ретінде билікте қалмақ болған Саргсян сол жылы көктемдегі жаппай наразылықтан кейін отставкаға кетуге мәжбүр болған.