Ошағы Қытайдан басталып әлемге тараған қатерлі коронавирус індетінен 2619 кісі көз жұмып, 79,3 мың адам жұқтырған.
Қытайдан тыс жерде: Филиппин, Гонконг, Жапония, Франция, Италия, Тайвань, Оңтүстік Корея және Иранда 27 адам вирустан айыға алмай, көз жұмған.
Бүгін белгілі болған дерекке сәйкес, 79 341 адам инфекция жұқтырып, 1868 науқас вирустан қайтыс болғанын хабарланды.
Ел аумағында ең көп зардап шеккен Хубэй провинциясында кешегі бір күннің ішінде 398 адамның дерт жұқтырғаны, аурудан 149 науқастың демі таусылғаны және 1439 адам сауығып шыққан деседі. Провинцияда осы уақытқа дейін инфекция инесіне іліккендер саны 64287-ге жетіп, оның 16 738-і аурудан жазылып шықса, 2495 адам қайтыс болған.
Италия солтүстігіндегі Кодоньо мен Венецияда коронавирус жұқтырған екі қария көз жұмды. Вирус таралмауы үшін кейбір қалаларда дүкендер мен мектептер жабылды. Соңғы дерек бойынша, Италияда коронавирусты жұқтырғандар саны 130-дан асқан. Ал Иранда коронавирустан 6 адам көз жұмып, 5 облыстан 28 адамның қатерлі дертке шалдыққаны анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Флорида штатындағы университеттік инфекциялық аурулар статистикасы орталығының жетекшісі, сарапшы Айра Лонжинидің болжауынша, «адамзаттың жауы» атанған коронавирус дертінен Жер жұртшылығының 3/1-і зардап шегуі мүмкін деседі.
«Адамнан адамға жұғу жолын тойтармасақ, жай бақылау және таратпау әдісі айтарлықтай нәтижеге жеткізе қоюы неғайбыл. Оқашаулау мен карантин вирусты тоқтатуға қауқарсыз», – дейді ғалым.