Дүйсенбіде Сүрия армиясы елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясындағы Түркия әскери күштерін нысанаға алған болатын. Нәтижесінде бес түрік әскері қаза тапты. Түркияда өз кезегінде Сүрия күштеріне бағыттап зымырандар атты. Кеше Түркия президенті Ердоған осы қақтығысқа қарата жасаған мәлімдемесінде Дамаск бұл әрекеті үшін «еселеп жауап алатын болады» деді.

Сүриядағы оппозициялық кейбір топтарды қолдаған Түркия 2017 жылы Астана процесінде және Сочидегі бас қосуда Башар Ассад режимін қолдап тұрған Ресей және Иран елдерімен пікір бірлігіне келген болатын. Келісімге сай Түркия өзіне жақын шекаралық аймақ Идлибке әскер жөнелтіп сол аймақтың қауіпсіздігін өз бақылауына алған болатын.

Ақпан айы туа салысымен Сүрия үкімет күштерінің түрік әскеріне қарсы әрекеттері жиілеп кетті. Ақпан айының өзінде Сүрия армиясының артиллериялық шабуылдарынан 12 түрік әскері және бір азаматы қаза тапты. Бұған жауап ретінде Түркия Сүрияның 115 үкіметтік ғимараттарын нысанаға алып, 101 сүриялық жауынгердің көзін жойғанын айтты. Адам шығындары туралы Сүрия мәлімет таратпады.

«Сүрияға дереу жауап қайтардық және ресми адамдарына наразылығымызды жеткіздік. Әсіресе, Идлиб аймағында пәрменді соққы жасадық, бірақ бұл жеткілікті емес, олар түрік әскерлеріне шабуыл жасаған сайын еселенген жауап алып отырады. Біз бұны ашық ескертеміз», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Британия ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда Сүрияның үкімет күштері көтерілісші әскери топтардан Дамаск пен Алеппо қалаларын тұтастыратын күре жолды қайтарып алуға әрекет етуде. Егер бұл жол үкіметтің қарамағына өтетін болса Иорданияға дейінгі шекара толықтай үкіметтің бақылауына өтпек. Бірақ, Дамаск бұл мәліметтерді растамады.

Қазір Түркия Идлиб аймағындағы әскерлері мен әскери техникаларын көбейтуде. Өткен аптаның өзінде мыңдаған әскер мен жүздеген танк Идлибке жіберген болатын. Осы аптада да қосымша арнайы дайындықтағы әскерлерін аттандырды.

“The Qazaq Times”