Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінде бірқатар кадрлық тағайындау жүргізді.
Назарбаевтың шешімімен Тимур Ғазизбекұлы Тәшімбаев Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, Қайыргелді Қайратұлы Есенеев Қауіпсіздік кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі, Азамат Өмірзақұлы Бейісбеков Қауіпсіздік кеңесінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ кеңес хатшысының орынбасары Мұрат Қалибекұлы Баймұқашев пен Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Андрей Анатольевич Калинин өзге қызметке ауысуына байланыстықызметінен босатылыпты.
Елдегі әлеуметтік наразылық өршіп тұрған тұста мемлекеттік күзет қызметі мен ҰҚК-нен бастап Қауіпсіздік кеңесіне дейін кадрлық тағайындау жүруінің себебін сарапшылар мен белсенділер әртүрлі түсіндіреді. Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазіргі ақ сарай басынан саяси дағдарыс кешіріп жатқанын, мұның бірден-бір себебін қосбилік емес, «үшбасты» үкімет пен атқарушы биліктің ішінен ши шығуымен байланыстырады.
– Тұтас биліктің өзі консерваторлар мен прогрессивтер болып екіге бөлінген. Бір-бірін шала тыңдайды, кейде мойындамайды, бір-біріне бағынбайтын сияқты. Билік бір ғана қолға шоғырлануы керек. Бұл бұлғақ, уақытша саяси дағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. ...Кетем деген адам, кетпек болсаң зымыра деген принцип болу керек. Саяси люстрация жасау керек, бірінші адам ғана өзгеріп қоймай, бұрынғы кадрлар кету керек жүйеден. ...Билік қазір үшбасты болды: бірі Нұрекең, бірі Тоқаев және бірі Дариға. Қай бас үлкен екенін айтуға болады. Назарбаевтың әкімшілік пәрмені мықтырақ. Мұндай саяси дағдарысты тоқтату керек. Нұрекең «айтқанымнан қайтпаймын, билікті пәленшеге бердім, бәрің соған құлақ асыңдар» деп кесіп айтса дұрыс болар еді. Рационалды әрекеттерді қолға алған дұрыс, – дейді саяси технолог.