Қордай ауданының орталық ауруханасына кешегі атышулы ұлтаралық сипаты бар делінетін қақтығыстан көптеген зардап шегушілер түсіп жатқаны хабарланды.
Отандық БАҚ-тың мәліметінше, бүгін аурухананың бас дәрігері медициналық көмекке жүгінушілердің көп болғанын растаған. Сондай-ақ бас дәрігерлер мен мамандар түгел «ренамация бөлімінде, хирургиялық ем-шарамен шұғылданып» жатыр.
Кеше Жамбыл облысының полиция департаменті Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында болған резонанс сипатындағы жанжал туралы мәлімдеме жасап, президент Тоқаев пікір білдірді.
Полиция департаментінің тергеу басқармасы таратқан хабарға қарағанда, жаппай төбелеске қатысты Қылмыстық кодекстің 293-ші «бұзақылық» бабымен тергеу ісі басталған.
WhatsАpp және Instagram әлеуметтік желісінде тараған видеофрагменттерде бүлінген ғимарат, полиция көліктері, аударылған көлік, өртенген мемлекеттік мекеме ғимараттары мен тұрғын үйдің, қолына қару ұстаған топты көруге болады, сондай-ақ тапаншаның дауысы естіледі.
Видеодан полицей қызметкеріне бағынбай, қол көтеріп қарсыласқан әлдебір азаматтың әрекетін көруге болады. Бейресми дерек көздері бойынша оқиға мотиві айтылып жүр. Ел аузындағы бір нұсқада «жұма күні Масаншы ауылында қазақ қарияға бірнеше дүнген азаматының қол көтерген соң, тәртіп сақшыларының заңды нұсқауына бағынбаған бұзақылар жанжал шығарғаны, соңы ұлтараздық қақтығысқа ұласқаны» айтылуда.
Президент Тоқаевтың тапсырмасымен вице-премьер Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін үкімет комиссиясы құрылды. Бас прокуратура мен ҰҚК іске кірісті.
Мемлекет басшысы үндеуінде «Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. ...Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», – деді.
Жағдайдың күрделескені сонша, тіпті Қордай ауданына өзге ауданның полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Әлеуметтік желіде тараған деректерге сүйенсек, топтық төбелес ұлтаралық қақтығысқа ұласқан болуы мүмкін. Жергілікті жұрттың арасында туған жанжалдың қандайда бір ұлтараздық сипаты бары жөнінде ресми ақпарат берілмеді.
Азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшы мамандар «жергілікті азаматтарды, оның ішінде қазақ жігіттерін арандатушы етіп шығармаса болар еді» деп алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Мұндай жағдайда билік ынтымақтастық пен бірлік ұғымын жоғары қоятыны анық дейді көбі.