Уханьдағы қазақстандық студенттер жақын арада елге қайтарылмақ.
Отандық телеарналардың хабарлауынша, Қытайдағы қазақстандық студеттерді елге қайтару мәселесі жіті назарда. Қазіргі уақытта студенттер елшілікпен тығыз байланыс орнатқан. Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, қазір Қытайда қазақстандық 94 студент білім алып жатыр.
Бұл мәселе төңірегінде тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті басшысының орынбасары Жандарбек Бекшин: «Егер біздің студенттер сол жақта байланысқа түскен болса, емделуі керек. Сыртқы істер министрлігі, Консулдық арқылы ақпаратпен қамтамасыз ететін боламыз. Бірақ оларды сол жерден алып кету, аймақтан шығару мүмкін емес. Олардың сау екеніне көз жеткізуіміз керек. Эпидемиология ережелері осындай», – деп мәлімдеді.
26 қаңтарда өткен үкімет кеңесінде «мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту (әуе, көлік және темір жол нысандары да)» туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар, Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру; қажет жағдайда Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын шұғыл эвакуациялау мәселесі қарастырылды.
2019 жылдың желтоқсанынан бастап Қытайда белгісіз коронавирустың таралуынан кейін ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы «карантинмен жауып» тастады. Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 80 адам көз жұмған.