27 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барған. Жоспар бойынша тараптар 11 млрд доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырмақ.
Кездесу барысында бірқатар құжаттарға қол қойылып, бизнес өкілдерімен жиындар өткізілді. Атап айтқанда, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды.
Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Қазақстан тарапынан құжатқа Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ал Әмірліктер тарапынан Энергетика және өнеркәсіп министрі Сухейіл Әл-Мазури қол қойды.
Қазақстан президенті: «Біздің ынтымақтастығымыз көпқырлы қарым-қатынас пен әртүрлі бағыты жағынан үлгі бола алады. Әмірліктер - осы аймақтағы басты серіктесіміз. 2019 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында біздің тауар айналымымыз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артып, 500 миллион АҚШ доллары болды», – деді.
2018 жылы БАӘ мен Қазақстанның сауда айналымы 490 млн АҚШ долларын құраса, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында 500 млн АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар, екі ел арасында қол қойылған Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімнің арқасында инвесторлар ұзақ мерзімді тұрақтылықпен қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін еліміздің экономикасына Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,1 млрд АҚШ доллардан асты. Осы жылдың маусым-шілде айларында құрылысы толығымен аяқталатын «Әбу Даби Плаза» көпфункционалдық кешені жобасына әмірліктер тарапы 1,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған.