Вышеград тобының елдері - Польша, Венгрия, Чехия және Словакия - Еуропалық одақ басшылығын босқындарды қабылдау мәселесі бойынша қысым жасады деп айыптады. Бұл туралы "Орталық Азия хабар қызметі" жазады.
Варшавадағы кездесуде венгриялық премьер-министр Виктор Орбан миграциялық саясат "шарттарын" орындату үшін Брюссель қаржы бөлуді құрал ретінде пайдаланып отыр деп мәлімдеді. Саясаткер Түркиямен босқындар туралы келісімге тәуелді болмас үшін, серб шекарасында жаңа транзиттік аймақтар ашылғанын қалайды.
Кездесуге қатысқан басқа да елдердің өкілдері Брюссель квотасы бойынша босқындар қабылдаудан бас тартатынын растады. Польша премьер-министрі Беата Шидло Еуропалық одақтың көші-қон саясатын өзгерту керек деп мәлімдеді.
Еуропалық одақтың көптеген елдері 2015 жылы босқындарды бөліп орналастырудың квотасын енгізуге келіскен. Квотаға Венгрия, Чехия, Словакия, Польша және Хорватия келіспей отыр.
«The Qazaq Times»