Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан бұдан былай шетелге мал экспорттамайтынын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 121,6 мыңы Өзбекстанға (78%), тағы 14% Арменияға экспортталған.
Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы тұсақ-саулық аралас. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) – Өзбекстанға, 21,5 мың бас (8,1%) – Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) – Әзірбайжан, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.
Ведомство мал экспортының тоқтауын «тірі малды жаппай сыртқа тасымалдау ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды» деп түсіндіреді. Хабарламада «қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі – тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды» делінген.
«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр деседі. Бағдарлама папортында көрсетілгендей, мұны 2017-2021 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар барлығы 2,774 трлн теңге өарастырылған болатын.
«Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Айта кетсек, аталған бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Бұл өзгерістер барлық ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салады»,– дейді ойлағаны іске аспаған ведомство.
Маңызды шешімді әзірлеуге салалық сараптама ұйымдары, облыс әкімдіктері, «Атамекен» ҰКП, сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қатысқан.
Аталған өзгеріс негізінде алдағы жылдары «қазақстандық мал басын сақтап ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы баға мен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді» дейді.
2018 жылы Қазақстан эт экспорты бойынша рекордттық көрсеткішке қол жеткізіп, ел аумағынан тыс жерге 32 мың тонна ет және ет өнімін жөнелткенін жеткізді. Дәл сол жылы елімізге алыс-жақын шетелден 14 мың бас ірі қара әкелінді. Бұған қоса 170 мың бас аналық қой сатып алынған. Сондай-ақ осы кезде ал шаруашылығын субсидиялау бойынша бағдарламаның 3 тармағы тиімсіздігіне байланысты қысқартылғаны белгілі. Демек бағдарлама дайындаушы мамандардың дұрыс жоспарлай алмауынан туған.
Былтыр І жартыжылдықтың қорытындысында елде ірі қара саны 7,2 млн басқа, қой 18,7 млн басқа, жылқы 2,6 млн басқа, құс 44,3 млн-ға дейін өскен деп хабарланған. Елдегі мал еті мен тірідей ірі-ұсақ мал Ресейге, ҚХР, Парсы шығанағы, БАӘ, Сауд Арабия Корольдігі, Катар, ЕАЭО, Орталық Азия елдері мен Қытайға сан мыңдап экспортталып жатқанда, халық тұтынатын ет бағасы шарықтап,соғым кезі мен құрбан айт, наурыз тұсында аспандап кететін қарқын күшейе түсті. Мұны көптеген сарапшылар арысы мұхит асып Аргентинадан ет импорттаған Қазақстан үкіметінің шалыс қадамы деп санайды. Мәселен, 2013 жылы Қазақстан 1,6 мың тонна ет шетке сатып, 209,8 мың тонна ет сырттан алған. Елді етпен жеткілікті түрде қамтамасыз етпей жатып, сыртқа тасып байимын деген, расында да «ақымақтық» дейді бұған наразы көпшілік.
Сыртқа мал-ет тасымалдап сатамыз деп, ақжолтай хабар айтып, бөркін аспанға лақтырған министрлік ендігі мал экспортын тоқтатты.