АҚШ пен Қытай көптен күтілген жаңа сауда келісіміне қол қойысты. Бірінші кезеңдегі сауда келіссөздерінің құжаттарына АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытайдың сауда келіссөзі жөніндегі аға өкілі Лю Хы қол қойды. Трамп үкіметі мен Қытай арасында көптен күтілген бұл келісім ең ірі экономикалар арасындағы қақтығысты тоқтатып, бірқатар экономикалық өзгерістер әкеледі делінген.

Жаңа келісімнің кейбір тармақтары Трамптың жеңісі қатарлы бағалануда. Айталық, Қытай 2021 жылдың соңына дейін АҚШ-тан Құны 200 млрд доллар көлеміндегі қызмет өтеу мен тауарларын сатып алады; Трамп үкіметі сынға алып келген іскерлік тәжірибелерін тоқтатады (америкалық компаниялардың өз техникасын мәжбүрлі түрде өзімен ынтымақтастық жасасқан қытайлық компанияға өткеріп беру сынды). Алайда, келіссөз құжатында бұлардың қалай жүзеге асатыны туралы анық мәлімет жоқ.

Президент Трамптың айтуынша жаңа келісім америкалық фермерлер үшін қуанышты хабар және оларға мол пайда алып келеді, себебі сауда соғысы кезінде олар ең көп зиян тартқан топ саналады.

Көптен күткен келісім. Фото: The New York Times

Келісімде Қытайдың америкалық ауылшаруашылық өнімдерді, ұшақтар, фармацевтика және мұнай мен газды сатып алу бойынша негізгі міндеттемелерді анық көрсетілген. Яғни, Қытай 2017 жылғы көрсеткіштерді негіз ете отырып, АҚШ тауарларын сатып алу мөлшерін көбейтетін болады. Олардың ішінде 52,4 млрд АҚШ доллары көлемінде энергия экспорты, 32 млрд долларға ауыл шаруашылық өнімдерін, 77,7 млрд долларға өндірілген тауарлар және 37,9 млрд долларға америкалық қызмет өтеуді сатып алатын болады.

Америкалық кәсіпкерлер мен фермерлер бұл уәделерге қуанатыны анық. Бірақ, Қытай екі жылға дейін сатып алу туралы уәде беріп отыр, одан ары не болары белгісіз. Мүмкін екі алып экономика келісімді жаңартуы да мүмкін. Бірақ, көптеген сарапшылар жаңа келісім АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық талас-тартысты толық шешіп бере алған жоқ деп санайды. Себебі, бірінші кезең келіссөзінің келісімінде көптеген күрделі сұрақтарға жауап жоқ. Айталық, ішкі сұраныс болмаса да тараптар уәде бойынша бір-бірінің өнімдерін сатып ала бер ме, әлде сатып алу сұранысқа сай жүріле ме, ол да анық емес.

 

“The Qazaq Times”