Бүгін күндіз сағат 11:00-де Адам құқықтары бюросында Демократиялық партияның V баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында бірінші болып сөз алған Жанболат Мамай өңірлерде бастамашыл топ өкілдеріне құқық қорғау органдары қысым көрсетіп жатқанын сөз етті. Оның сөзінше, жергілікті күштік құрылым мен әкімшілік жүйе азаматтарға жұмыс орны, туыстарының қызметін жанды тұсынан әлімжеттік көрсетіп, көпе-көрнеу заң бұзушылықтар болып жатыр.

Ол 1122 адамның тізімі 26 желтоқсан әділет министрлігі тіркегенін еске салды. Сондай-ақ ол 15 аймақта бастамашыл өкілдердің көрсетілген тізімнен көп екенін, оның толық тізімін ресми түрде өткізбеуінің себебін жоғарыда аталған қысым жасау қаупінен күманданғанымен байланысты түсіндірді.

Жоспар бойынша 26 ақпанда Демпартияның съезі сағат 11:00-де өтуі тиіс. Ұйымдастыру комитетінің жетекшісінің айтуына қарғанда, "республика көлемінде белсенділерге қысым іқрсету арқылы билік алдағы заңды құрылтайдың өткізбеуге күш салуда".

- Де-юре процесі жүріп жатқанына қарамастан, де-факто Демпартия құрылып қойды десе де болады. Өйткені аймақта бізді қолдайтын азаматтар жетерлік. Алматыдағы кеңсенің өзінде күніне 10 шақты адам әртүрлі мәселемен келіп, бізге тіркеледі, - деді Мамай.

Сөз алған ұйымдастыру комитетінің белсендісі Абзал Достияров "отбасы мүшелеріне Алматы қаласы Алатау аудандық құқық қорғау органының өкілдері келіп, сұрақ-жауап жүргізгенін" мәлімдеді.

Сонымен қатар демократиялық партия құруды көздейтін бастамашыл топтың Алматыдағы комитеті өзінің жақтастарына заңсыз киліккені үшін әділет министрлігінің үстінен бас прокуратуға шағым түсіретінін хабарлады.

Комитет мүшесі Тулеген Жукеев "ұйым жақтастарына жасалып жатқан психологиялық-физикалық қысымның заңсыз" екенін айтады.

"The Qazaq Times"