АҚШ Иранның сегіз шенеунігіне және елдің метал өндірісіне жаңа санкциялар салды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео хабарлады.
Қатаң қаулыға іліккендер қатарында Иран ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Шамхани, Иран карулы күштері қолбасшысының орынбасары Реза Аштиани, Ислам революциясы корпусының «Басидж» жасағының басшысы Големреза Сүлеймани бар. Уашингтон Қытай мен Сейшель аралдарында орналасқан 17 тау-кен және металл компаниясына, металл саудасымен айналысқан кемеге де санкция салды.
Санкциядан бөлек, Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иран режимінің қосымша табыс көздеріне шектеу қойды.
31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.
Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарынзымыранмен атқылады.
АҚШ 8 қаңтарда Теһрандағы халықаралық әуежай маңында орын алған украиналық ұшақ апатына Иранның қатысы бар деп есептейді. Тек қана Америка емес, Канада және Украина лайнерге Иран зымыраны абайсызда тиген болуы мүмкін дейді. АҚШ президенті Дональд Трамп ұша апаты техникалық ақаудан болды дегенге күдікпен қарайды. Трамп: «Менің өз болжамым бар. Бұл орны толмас үлкен қайғы. Ұшақ қауіпті аймақта кетіп бара жатқан. Кейбіреулер апатқа техникалық ақау себеп дейді. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Барлығына көз жеткізу үшін Иран тарапы Boeing-тің қара жәшіктерін оқуды өзге елдерге беру керек. Мысалы, франциялық немесе канадалық мамандардың көмегіне сүйену керек», – дейді. Алайда қара жәшік бүлінген.