АҚШ президенті Дональд Трамп Америка мен Иран қақтығысына байланысты халыққа үндеу жолдады. Ақ үй басшысының ресми мәлімдемесін «White House» тікелей эфирден көрсетті.

Трамп өзінің 9 минуттық жолдауында Иранға қарсы жаңадан санкциялар енгізілетінін, соңғы ракета шабуылынан АҚШ әскерилері зардап шекпегенін айтты. Сонымен қатар, Теһран ядролық амбицияларынан бас тартып, терроризмге қолдау жасағанды доғаруы тиіс деп ескертті.

Сонымен қатар, Трамп Иран үкіметін ДАИШ террористік ұйымына қарсы бірге күресуге шақырып, НАТО-ның Таяу Шығыста әлдеқайда белсенді рөл ойнауын өтінді. Оның сөзінше, Иранмен жаңа ядролық келісім жасау керек, ал Еуропа елдері мен Ресей қазіргі келісімнен бас тартуы тиіс.

Екі ел байланысын нығайтқысы келетінін айтқан Трамп: «Иран халқы мен басшылығына мынаны айтқым келеді: біз сіздердің болашағыңыз жарқын болғанын қалаймыз. Сіздер оған лайықсыздар. Мемлекет өркендеп, әлем елдерімен үйлесімді достық қарым-қатынаста болса дейміз. Америка Құрама Штаттары бейбітшілікке ұмтылған әрбір елмен тату болғысы келеді», — деді.

31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.

Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарынзымыранмен атқылады.

"The Qazaq Times"