АҚШ қарулы күштерінің Бағдат шаһарында жүргізген әскери операциясы кезінде Иранның әскери стратегі және «Құдыс» (Иерусалим) элиталық арнайы әскери бөлімінің басшысы, генерал Касем Сулеймани қаза тапты. Осыдан кейін АҚШ пен Иран арасы ең қауіпті қайшылық күйге жетті. Тіпті, көптеген сарапшылар екі ел арасында соғыс болуы мүмкін деген болжамдарын да айтып жатыр. Бұл жағдай АҚШ-Иран ғана емес, АҚШ пен Қытай қатынасына, ашалап айтқанда Қытай мәселесіне де белгілі өзгерістер ала келуі мүмкін.

Сөзімізді тарата айтар болсақ, АҚШ-тың Иранмен қауіпті қайшылық жағдайына өтуі АҚШ-тың Орта Шығыстағы әрекеттеріне үлкен кедергілер жаратты. Егер, қайшылық асқынып екі ел арасында соғыс туылса, бұл АҚШ-тың екі жыл бұрын жария еткен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жаңа стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл қорғаныс жобасы бойынша АҚШ Қытайды стратегиялық қарсылас ретінде таныған және Қытайдың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы әскери ықпалын тоқтатуды көздеген. Егер, АҚШ-Иран арасында соғыс болса бұл Қытайға тағы да 5-10 жыл еркін даму мүмкіндігін беріп қоймақ.

Егер АҚШ Иранмен соғысса...

Егер, АҚШ Иранмен соғыс күйіне бетпе-бет келер болса, онда бұл АҚШ үшін кері шегініс қатарында бағалануы бек мүмкін. Себебі, Құрма Штат соңғы жылдары (Трамп президент болғаннан бері) өзінің нақты стратегиялық қарсыластарын (Ресей мен Қытайды) анықтап, шетелдердегі артық әскери шығынды тежеп, Ресей және Қытай сынды шын мәнісіндегі қауіпті қарсыластарына қарсы дайындалған болатын. Ал, қазіргі қайшылық Теһран мен Уашингтонды соғыс күйіне жеткізетін болса, онда АҚШ «Орта Шығыстың батпағына» қайта айналып кірді деген сөз. 2001 жылы Иракқа соғыс ашып кірген АҚШ көп жылдардан кейін ғана өңірдегі әскери шегіністерге мүмкіндік алған еді. Сулейманидың өлімі АҚШ-ты Орта Шығыстағы бітпес қайшылыққа тіпті де тереңдей тартып кетті. Бұны АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық қатынастарды зерттеу орталығы Орта-Шығыс мәселесін жөніндегі сарапшылар да растайды.

Қытай Үнді-Тынық мұхитта еркіндік алады

Жапонияның саясаткерлері мен халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшылары да АҚШ пен Иран қатынасының соғысқа ұласуынан алаңдаулы. Олар АҚШ пен Иран арасында соғыс туылса, бұл Үнді-Тынық мұхитында Қытайдың ықпалының жедел күшеюіне мүмкіндік береді деп санайды. Себебі, АҚШ бір уақытта Орта Шығыс пен Үнді-Тынық мұхит аймағында теңдей ықпалды бола алмайды. Трамп әкімшілігі осыған дейін өзінен бұрынғы Буш пен Обаманың Ирак пен Сүриядағы «бас артық инвестициясы» үшін айыптап келген. Егер Иранмен соғыс туылса АҚШ бұдан да үлкен шығынға батуы мүмкін. Бұл Қытай ықпалын тоқтатуға бағытталған Үнді-Тынық мұхиттағы стратегиялық қадамдарын кері қайтаруға итермелейді.

Бұған қоса, Тайуан, Солтүстік Корея, Оңтүстік қытай теңізі сынды қазіргі өзекті мәселелер өздігінен күн тәртіптен кейін шегінеді де, Корей түбегі ядролық қауіпте қалып, Тайуан Қытайдың агрессиясына тап болуы да мүмкін. Оңтүстік қытай теңізі дау-шарларында Қытай басымдыққа шығып, Оңтүстік Шығыс Азиядағы АҚШ-пен стратегиялық серіктес елдердің мүддесіне қауіп төнеді. Нәтижесінде Қытай аталған өңірде шартсыз ырықты мемлекетке айналып шыға келмек. Бұл АҚШ-тың держава ретіндегі осы аймақтағы стратегиялық түбірлі мүдделеріне нұқсанын тигізеді. Ал, оның орыны кемінде 15-20 жылдан кейін толтыруға болады.

Соңғы кездері Иран мен Қытай қатынасы барған сайын жақындап барады. Бұған АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық санкциялары да өз әсерін тигізді. Сондай-ақ, Иран мұнай экспортына қойған Иранды шығар жол іздеп Қытай мен Ресейге көбірек жақындасуға мәжбүр етті. Ал, кезекті қайшылық Иран мен Қытай арасын тіпті де жақындастыруы мүмкін.

АҚШ пен Иран не істеп жатыр?

Сулейманидың өлімінен кейін Иран тарабы АҚШ-тан кек қайтаруға уәде берді. Қазірге Иран тарабының қарымта шабуылы дейтіндей елеулі әрекет бола қойған жоқ. Алайда, Рейтер ақпараттық агенттігі Иран қолдауындағы Ирактың шиіттік күштері – «Хезболла» бригадасы жасаған ескертуін таратты. «Катаиб Хезболла» тарабы 4 қаңтарда Ирактың үкіметтік күштеріне қарата сол елдегі АҚШ әскери базаларынан алыс болуды ескерткен.

АҚШ тарабы да болжаулы қатердің алдын алу үшін аймақтағы әскери күштерінің санын көбейте түсті. Пентагон бір күн бұрын Орта Шығысқа қосымша 3500 жауынгер аттандыратынын білдірді. Бұл осы өңірдегі АҚШ нысандарын қорғау және қауіпті қатердің алдын алу мақсатында екенін түсіндірді. Естеріңізде болса, осыдан бұрын АҚШ Ирак пен Сүрия жеріндегі әскери санын қысқартуды көздеп отырғанын білдірген еді.

“The Qazaq Times”