Биыл қаңтардан бастап мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережесін бұзғандар түрмеден бір-ақ шығуы мүмкін.  

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов:

– Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу туралы. Президент бұл мәселеде жауапкершілікті күшейтуді тапсырған. Ол заң бұзушыларды түрмеге отырғызып, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек деді. Өкінішке орай, жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Мас жүргізушілердің кесірінен болған апаттан 2019 жылдың өзінде 1000-нан астам азамат жарақат алды немесе қайтыс болды, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Алдағы уақытта жол ережесін бұзған автокөлік иесі (алкогольдік масаңдық немесе мас) оқиға кезінде қандай деңгейде мас болғанына қарамастан, заңда ешқандай айырма мәні жоқ. Ендігі заң бойынша кісі қаққан жүргізушінің қанынан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, татуласуға мүмкіндік берілмейді. Мас күйінде жасалған осындай қылмысқа 10 жылға дейін бас бостандығынан, қала берді өмір бойы көлік айдау құқығынан айырылады (ҚК 345-1 бабы). Ал мас күйде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру дедлайны 8 жылға дейін ұлғаймақ. Бұл былтыр қарашада парламентте қаралып, мақұлданған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы аясында күшіне енген нормалар.

Сондай-ақ ведомство өкілі:

– Егер азамат белгілі бір мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, кейін оны алған соң қайтадан ұсталып, көліктің рөліне мас күйінде отырғаны белгілі болса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады, – деп нақтылады.

"The Qazaq Times"