Түркия мен Гонконгта Қытайдағы азшылық ұлттардың «геноцидке ұшырауына» қарсы бейбіт шерулер өтті.

Кеше, 22 желтоқсан таңертең Гонконгта мыңнан астам адамның қатысуымен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң лагерлерінде отырған тұтқындарды қолдауға, оларды дерек босату талабымен бейбіт шеру өтті. Наразы гонконгтықтар қамаудағы этникалық ұйғырлар мен өзге де азшылық ұлттар, соның ішінде қазақтарды «жазықсыз әрі негізсіз» ұсталған деп санайды. Reuters халықаралық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шеруге қатысушылардың бірі әкімшілік ғимаратына тігіліп тұрған Қытай туын алып тастағаннан кейін қақтығыс басталған. Наразылар Шыңжаңдағы түркі тілдес ұлттардың құқықтары бұзылып жатқанын айыптап, бұған қарсы күресуге үндеді.

Гонконг Қытайдың азшылық ұлттарға қатысты саясатын сынады. 22 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА

Қазіргі таңда Гонконгта рождество мерекесі қарсаңында аталған талаптар мен өтіп жатқанына жарты жылдан асқан ереуілдердің басты «бес талабы» бойынша ауқымды наразылық акциясына қызу дайындық жүріп жатыр.

Түрік азаматтары Шығыс Түркістан халықтарына қысым жасауды тоқтатуды сұрайды. 20 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА

Ал, жұма, желтоқсанның 20-сы күні дәл осы талаптарды қойған жұрт Стамбұл көшелеріне шықты. Олардың қолында «Қатігездікті тоқтатыңдар», «Қытай жауыздары, Шығыс Түркістаннан кетіңдер», «Шығыс Түркістан жалғыз емес» деген баннерлер болды.

Стамбұл тұрғындары Қытай лагерлерінде қыспаққа ұшыраған түркі тілдес ұлттарды босатуды талап етіп, митинг өткізді. 20 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА

Мыңдаған демонстранттар Қытай «сырты бүтін, іші түтін» лагеріндегі түркітілдес халықтарға бостандық беруді талап ете отырып, ҚХР-дың мұсылман азшылыққа қатысты саясатын сынаған «Арсенал» футбол командасының қорғаушысы Месут Өзілге қолдау білдірді.

Түрік жастары танымал футболшы Өзілдің өз пікірін ашық білдіруін қолдайды. 20 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА

2017 жылдан бері Қытайда қазақ, ұйғыр, тибет, моңғол және өзге де аз ұлт өкілдеріне қысым көрсетіліп, арнайы лагерлерге қамалып жатыр деген ақпарат тарады. Еуроодақ, АҚШ, тіпті БҰҰ Қытай билігін айыптап келеді. Ресми Бейжің бұл ақпаратты жоққа шығарып, лагерлердегі жағдайды елдің ішкі ісі деп, оған ешкімнің араласпау керек екенін алға тартады.

"The Qazaq Times"