Парижде Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың биылғы нәтижелерін қорытындылады.
Франциядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев: «Франция бүгінде стратегиялық серіктесіміз екенін іс жүзінде дәлледеп келеді. Инвестициялар бойынша жаңа жобалар бастап елімізге технологиялар мен жаңа идеяларды тартып жатыр. Өз тәжірибесімен белсенді бөлісіп, осы ынтымақтастығымызды ұлғайтуға ниетті. Келесі жылы мұнан да үлкен жетістіктерге жетеміз деген үмітіміз бар. Өйткені елімізге бірақатар маңызды сапар жасалатынын күтіп отырмыз», – дейді.
Қазақстанда 20 жылдан аста уақыт жұмыс істеп келе жатқан франциялық «Total» компаниялар тобының вице-президенті Арно Брейяк: «Биыл Қашағанда өндіріс көлемі жоспарланғаннан асып кетті. Сол себептен бұл жыл Қашаған мен Total үшін жақсы өтті деуге болады. Ақтау маңындағы Донға мұнай кенішіндегі үш жаңа жобаға инвестиция құя бастадық. Сонымен қатар өндірісті арттыру үшін Қашағанда инвестициялаудың жаңа кезеңі бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деп мәлімдеді.
Биыл 9 айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы Еуропалық одақтың басқа елдеріндегі көрсеткіштерден арта отырып, 6%-дан астам өсті және $3,4 млрд болған. Қазіргі уақытта Қазақстан Франциядан электр, электрондық және механикалық жабдықтарды, тұтыну тауарларын, дәрі-дәрмектер мен косметиканы, автомобильдерді, азық-түлік және құрылыс материалдарын импорттайды. 1993 жылдан бастап 2012 жылдың 21 наурызына дейін Франциядан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 9,25 млрд. астам доллар болған.
Айта кетейік, француз делегациясынан бөлек, Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға ресми іссапары жоспарланып жатыр.