Бүгін, желтоқсанның 16-ы Алматыда Қазақстанның бірқатар қаласында 1986 жылғы Желтоқсан мен 2011 жылы Жаңаөзенде оқиғаларының құрбандарын еске алуға жиналғандар билікті тарихтан сабақ алуға шақырып, саяси талаптар көтерді.

 Бүгін 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алуға жиналды.   Ресми мереке күні таңертең Сәтпаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің алдына жиналғандар «30 жыл бос сөзді тыңдап шаршадық, өмірді жақсартуды талап етеміз!», «Саяси тұтқындар босатылсын!» деп талап қойды.

Осы тұста Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қоюға бір топ кісі келді. Олардың арасында Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топтың мүшелері – белсенді Жанболат Мамай мен Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев болды. Олар бұған дейін жариялаған мәлімдемелерін қайталап, билікті Шыңжаңнан келіп, Қазақстаннан пана сұраған екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуге шақырды. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен деген айып тағылған екеуі қазір Шығыс Қазақстан облысында тергеу изоляторында қамауда отыр.

Арада біршама уақыт өткенде Тәуелсіздік монументінің түбінде «Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысының белсенділері келді. Олар «Ұмытылмас 1986, 2011», «Авторитаризмнен көктемге», «Жастарға жол беріңіздер», «Парламенттік республика» деген жазуы бар баннерлер ұстап тұрды. Елде саяси реформалар жүргізуге және президенттік билік түрінен парламенттік басқаруға көшуге шақырып жүрген жастар «Оян, Қазақстан!», «Назарбаевсыз Қазақстан» деп айғайлады.

– Біз бүгін әділетсіздікке, режимнің тирандығына қарсы күресуге шықтық. Жаңаөзенде жұмысшыларды атқан кезде құрбан болғандарды ұмытқан жоқпыз... Біз елімізде ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбауы үшін күресуге әзірміз. Шынайы тәуелсіз болатын күн келетініне сенеміз, – деді «Oyan, Qazaqstan» акциясында сөйлегендердің бірі.

Қарсылық акциясы өтіп жатқан жерге келген әкімдік өкілдері бұл акция жергілікті биліктің рұқсатынсыз өтіп жатқандықтан заңсыз болып саналатынын ескертіп, жұрттың тарауы сұрады. Жиналғандар бұған жауап ретінде «Оян, Қазақстан!» деп ұрандасты.

Азаматтық қозғалыс белсендісі Әсем Жапишева Азаттықтың сұрағына берген жауабында, басқа заңдардан биік тұрған Қазақстан Конституциясында азаматтарға бейбіт жиын өткізу бостандығына кепілдік берілгендіктен, қозғалыс митинг өткізуге рұқсат сұрауды қажет деп таппағанын айтты.

Бұдан өзге қаланың басқа бөлігінде, нақтырақ айтқанда Желтоқсан-Қарасай батыр көшелерінің қиылысында «Бәріне кінәлі Назарбаев», «Қытай экспансиясына қарсы», «Саяси тұтқындарды босату» бастамасы көтерген бірқатар белсенді ұсталғаны хабарланды.

"The Qazaq Times"