Бүгін Украина, Ресей, Германия және Франция лидерлері Парижде бас қосып, Украина шығысындағы қайшылықты шешу үшін үстел басына отырады. Бұл соңғы үш жыл ішіндегі «Норманд форматындағы» алғашқы кездесу және Владимир Путин мен Владимир Зеленский арасындағы бірінші реткі кездесу.
Бірақ, кездесудің нәтижесі туралы үміттен күдік басым. Көптеген ақпарат құралдары Украинаның шығысындағы дағдарыстың нүктесі Парижде қойылмайды деп қарайды.
Украина президенті Зеленский Париже Ресей президентімен кездескелі жатқанда Киевте оппозиция тарабы шеру ұйымдастырып «КАПИТУЛЯЦИЯҒА ЖОЛ ЖОҚ!», «МӘСКЕУДЕН АЛЫС БОЛ!», «РЕСЕЙДІҢ ГАЗЫ – МОЙНЫҢДАҒЫ АЖЫРҒЫ» деген жалаулар көтерді.
Париждегі жұрт назарын аударатын оқиға – Путин мен Зеленский арасындағы кездесу болмақ. Бұған дейін екі ел басшысы тек телефон арқылы ғана сөйлескен еді. Зеленский Парижге аттанар алдында Ресей президентімен екіжақты кездесуді жоспарлағанын растады. Ал, Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко Зеленскийді Путинмен кездеспеуге шақырған.
Порошенко сөзінде «Путинмен бетпе-бет сөйлесуден аулақ бол деп шын жүректен кеңес берер едім, егер бұл мүмкін болмаса, онда КНБ-лік манипуляцияға алдырмай, эмоциялық ойлардан сақ бол», – деген.
Ал, Зеленский Парижге аттанар алдында: «Мен неден қорқам?! Мен еркін елдің президентімін. Мен нормалды таза адаммын. Мен өз мемлекетімді ешкімге, еш уақытта сатпаймын. Ақиқат біздің жақта», – деген.
Путин болса саммит туралы: «Олар жақсы дайындалып келіп, құр сөзге бой ұрмай, нәтижелі кездесу болса болды», – депті.
«Норманд форматындағы» кездесу туралы тамызда Зеленский бастама көтерген еді. Путин де «төрттік» кездесуді құптаған. Оның ресми өкілі Дмитрий Песков та құптағанын білдірді, бірақ ол сөзінде: «Бұл кездесуден ешқандай нәтиже күтудің керегі жоқ», – деген болатын.