Бүгінде ғаламтордың қарқынды дамуы тұрмыс-тіршілігімізге көп өзгерістер алып келді. Қолайлылықтар мен қатерлер де соның ішінде. Әлемнің түкпір-түкпірінен «жар іздеген» сыбай салтаң бойдақтар мен «ақ боз атты ханзадасын күткен» сұлу сылқымдар әлеуметтік желі арқылы танысып сырласу қалыпты құбылысқа айналды. Ұлты, діні, тілінің ұқсамастығына қарамастан жат мәдениетке қызығушылық артып барады. Алайда, осы құбылыстан пайдаланып ғаламтор арқылы алаяқтықпен айналысатындар көптеп пайда болуда.
Еуропалық желі мониторингі компаниясы DatingScams жақында жариялаған статистикалық мәліметінде, Шығыс Еуропа және әлемнің өзге жерлерінен ғаламторда алаяқтықпен шұғылданатын 19057 сұлу сылқымды анықталған. Бұлар әлеуметтік желілерде таныстық арқылы кәсіби түрдегі алаяқтықпен айналысатын желі тұтынушылары. Аталған компания бұлардың үстінен кешегі күнге – 26 наурызға дейін 214693 шағым тапсырып алған. Статистикалық мәлімет бойынша бұл «сұлу алдамкөстер» Беларусь, Полша, Чехия және басқа да Шығыс Еуропа елдерінде көбірек тіркелген. Бұл туралы қытайлық "Шинлаң" сайтында да арнаулы зерттеу мақаласы жарияланған болатын.
Оның себебінің бір ұшы Еуропаның экономикалық құлдырауынан келіп шығады. Жұмыссыздық пен әлеуметтік қиыншылықтар себебі көптеген қоғам мүшелерін қылмысқа итермелейтіні анық. Ал, ғаламтордың дамуы, оның елдер мен өңірлерді тұтастыруы баукеспелік пен алдамкөстікті әлеуметтік желілерге алып кірді. Ал бұл текті алаяқтардың алдау тәсілі де әр түрлі. Көбінесе қолданатын тәсілдері электронды хат сандыққа жан тебірентерлік ғашықтық хат жолдау, әсерлі кездесуге шақыру, көз арбайтын суреттермен еліктіру, бір ауық тұрақты байланыс арқылы сенімге кіру, көңіл жықпас көнгіштікпен өзіне шырмап, сізді сұлумен болатын болашақ күндерді елестетуге итермелеу, соңында өзінің ақшасыз қалғанын немесе өмірден зәбір жапа шегіп жатқанын, болмаса сізге кездесуге қалтасы көтермейтінін айтып, мейірімділік, махаббат үшін дүниені тәрк ету, достар ара қолғабыс етуді көлденең тарту.
Бір қарағанда қарапайым көрінген осы тәсілдер, «кербез алдаушылардың» кісіні таң қалдыратын кәсіби шеберлігі арқылы толықтай жүзеге асады. Көбінесе бұндай алаяқ сұлулардың суреті өзгелерден ұрланған болып келеді. Тіпті кейбір сұлу сылқымның артында арнаулы кибер қылмыстық топтар жұмыс жасайды. Ал кәсіби алаяқтар кездесу арқылы да мақсаттарын жүзеге асырады. DatingScams компаниясының мәліметіне қарағанда еуропалықтар көзқарасында мұндай алдамкөстердің бәрі әйелдер деп қалыптасып үлгерген. Алайда, "алаяқ сұлулардың" ер адам болуы да мүмкін екенін, бір немесе бірнеше адам, тіпті оданда көп адамдардан құралған қылмыстық топ болуы ғажап емес екенін ескертеді. Кербез сылқым алдамкөстердің негізгі нысанасы тез ғашық болып қалғыш Батыс Еуропа, АҚШ және Қытай қатарлы елдердің ақ жағалы, қалталы немесе орташа кірісті жігіттері болып келеді.
Баукеспеліктің шыңына шыққан сұлулар алғашқы кездесуде-ақ «ақ боз атты ханзаданың» қалтасын түгел қағады. Шығыс Еуропада тұратын АҚШ елшіліктері мен АҚШ FBI қызметкерлері күн сайын осындай шағымдарды тапсырып алады. Олардың көрсеткен мәліметі бойынша, шығыс еуропалық сұлулар көбінесе АҚШ-тағы азаматтардан оған кездесу үшін виза төлемі, тұрмыстық және жол шығындарын талап етеді екен. Кейде банк сенім карталарының мәліметтерін алу арқылы хакерлік әрекетпен ақшасына ұрлық жасалады. Әлеуметтік желі арқылы жасалған мұндай қылмыстарда сурет пен жекелік информациялардың бәрі де жалғаннан болған жағдайда тексеріп анықтау аса қиынға түседі.
Еуропалық желі қадағалау департаменттері барлық «шығыс еуропалық сұлу өтірікшілерге» арнаулы қара тізім қойды. Ал АҚШ мемлекеттік органдары мен елшіліктері Шығыс Еуропадағы америкалықтарға алдын ала ескертулер мен мәліметтер беру шарасын қолданып отыр. Қазақстанда да интернет қауіпсіздік қызметін үкіметтік қадағалаудан тыс, жекелеген азаматтардың аса қырағы болуына тура келеді.
“The Qazaq Times”