Ресей мен Украина басшылары келесі аптада Парижде Украинаның үкімет күштері мен ел шығысындағы ресейшіл бүлікшілер арасындағы бес жылдық соғысты аяқтау үшін алғашқы бетпе-бет кездесулер өткізеді. Бұл еуропалық саммиттің күн тәртібінде орын алған.
Украина үкімет күштері мен ел шығысындағы бөлшектеуші ресейшіл күштер арасында 5 жылға созылған қақтығыстардан 13 мыңнан астам адамның қаза тапқаны белгілі. Осы жылдар ішінед Мәскеу тарабы Украина шығысындағы қақтығыстарға ресейлік әскерлердің қатыспағанын алға тартып келді. Әрі ондағы бөлшектеуші күштерді бейтарап қарастырып келген. Еуропа тарабы мәселені келіссөз үстеліне шығаруға сан мәрте тырысқан. Алайда, бұдан нәтиже болмаған.
Украина мәселесі 5 жылдық шиеленіске жеткен тұста ел билігіне Зеленский келді. Ол сайлау алды уәделерінің бірінде Украинаның шығысындағы соғысты тоқтататынын айтып еді. Зеленский билігінің өз уәдесі жөнінде алғашқы адымдағы жетістігі де жоқ емес. Қыркүйек айында Ресей мен Украина тұтқындарды алмастырды.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Зеленскийдің осы уәдесі Кремльге де мүмкіндік берген. Айталық, Украинаның жас президенті берген уәде аса салмақты және ол оның орындалуын үміт етеді. Бұл Ресей үшін жаңа талаптар мен келіссөз шарттарын ұсыну үшін тамаша орай.
Екі елдің келіссөзіне әсер еткен факторлардың бірі – Зеленский эфекті. Зеленскийдің саясатқа келуге дейінгі бейнесі және оның әзілдері Ресейге де кең тараған. Оның өзі ресейліктердің көзқарасына әсер еткенін де айта кету керек. Басқа да маңызды факторлардың бар екені белгілі.
Сарапшылар Париждегі келіссөзде Ресей мұнайы мен газының Украина арқылы Еуропаға өтуі және Луганск пен Донбастағы соғыс сынды екі мәселе «саудаға түсуі» мүмкін деп қарайды.