25 наурыз күні, Алматы қаласында Қытайдағы екі миллионға жуық қазақтың ерке ақыны Ержанат Байқабай ата жұртына ала келген шашуы ретінде «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кешін берді.

Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында болып өткен шығармашылық кешке танымал өнер жұлдыздары қатысты. Кешті ақын Бақыт Беделхан жүргізіп, Қажымұрат Шешенқұл, Нұрлан мен Шаба, Аққу мен Гүлназ, Зият пен Бибігүл, Жанат Нұрсұлтан сынды өнерпаз әншілер ақынның сөзіне жазылған бір қатар әндер орындады. Сонымен бірге Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері кеш иесінің өлеңдерін әсерлі композициямен әрледі. Кеш иесі өзінің толғаулары мен өлеңдерінен көрерменіне шашу шашты.

Ақын Жәркен Бөдешұлы кітаптың тұсауын кесіп, авторға ақ тілегін ақтарды. Фото: The Qazaq Times

 

Өлең мен өнердегі ұстаздары Қайрат Құл-Мұхаммед және Әбдіғани Базілханұлы ағалары да кітаптың тұсауын кесіп, сый-құрметін көрсетті.

Әбдіғни Бәзілжанұлы Талғар ауданы атынан арнайы алғысхат ұсынды.

Кеште Ержанат Байқабайдың «Жүрекке түскен жол» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Қазақ поэзиясының асқақ тұлғаларының бірі Жәркен Бөдешұлы мен Ержанаттың өлең мен өнердегі ұстаздары ақын Қайрат Құл-Мұхаммед мен Әбдіғани Бәзілханұлы және Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан кітаптың тұсауын кесті.  Ақын Жәркен Бөдеш Ержанатқа ақ батасын берсе, ұстазы Қайрат Құл-Мұхаммед шәкірт інісіне тұлпар мінгізді. Әбдіғани Базілханұлы Талғар ауданының әкімдігі атынан арнайы алғыс хат тапсырды. Жазушылар одағы атынан Жанарбек Әшімжан алғыс хат тапсырып, алқау сөзін сөйледі. Дүниежүзі қазақтары қаумдастығы атынан осы ұйымның жастар орталығының жетекшісі Талапбек Тынысбекұлы құттықтау хатын тапсырды.  Ақ шылауышты әжелер тұсауы кесілген кітапқа және көрерменге, қазақ дәстүрімен ақ шашу шашты.

"Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қорының президенті Ж.Түркия Ержанат бауырына ат мінгізіп шапан жапты. Фото: The Qazaq Ti,mes

Кеш иесімен айтыскер Шұғайып Сезімхан көрерменге бір майдан қызықты айтыс тарту етті. Кеш соңында Ержанат өзінің авторлы әнімен сахна шымылдығын жапты. Алқалаған әлеумет Ержанатпен құшақтаса қол алысып, естелік суретке түсіп, қимай қоштасты. Алтаудың бауырында Алтайдың асау ақыны Ержанат Байқабайдың шығармашылық кешінде зал толы адам ақынына разы болып тарасты.

“The Qazaq Times”