АҚШ Израиль мен Палестина мәселесіндегі ұстанымын өзгертіп, Израиль тарабынан заңсыз салынған Батыс жағалау аймағындағы құрылыстарды халықаралық заңдарға сай деп мойындады. Бұл АҚШ-тың Израильдың жаулау әрекеттеріне көз жұма қарауы деуге болады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті Батыс жағалау мәселесін Израиль мен Палестина арасында келіссөз арқылы шешу керек деген мәлімдемесін жасады. «Барлық тараптың жүйесін қарап шыққаннан кейін, Құрама Штаттар «Батыс жағалаудағы еврей қоныстары халықаралық заңдарға қайшы емес» деген тиянақ шығарды. Израиль қоныстарын заңсыз деп қарау қайшылықты жеңілдетпейді», – деген ресми мәлімдемеде.
АҚШ тарабы президент Трамп кезеңінде Израильдің Палестинаға бағыттаған бірқатар қадамдарына қолдау көрсетіп келеді. Президент Обама тұсындағы кейбір заңдар Трамп билігі кезінде өзгерді. Соның ішінде Батыс жағалаудағы күштеп салынған еврей қоныстары туралы заң да бар. Еврей мемлекетінің басшысы Нетаньяху АҚШ-тың кезекті шешімі «тарихи қателікті түзету» деп бағалаған.
Палестиналықтар көбірек қоныстанған Батыс жағалау аймағы 1967 жылғы 6 күндік соғыстан кейін Израиль жағынан жартылай оккупацияланған. Ал, палестиналықтар Батыс жағалау болашақта тәуелсіз Палестинаның территориясы болуы керек деп қарайды.
Израильмен келіссөз жүргізіп жатқан Палестина тарабының өкілдері АҚШ шешімі «тыныштыққа, бейбітшілікке және тұрақтылыққа қатер төндіреді» деп бағалады.
Батыс жиек және Иерусалим қаласының шығысында 140-тан астам еврей құрылыстарында 600 мыңнан астам тұрғын бар. Халықаралық заң бойынша бұлар заңсыз қоныстану, жаулау әрекеті қатарында қаралады. Алайда, Израиль билігі оны жоққа шығарады. Бұл Израиль-Палестина арасындағы ең даулы мәселенің бірі