Гонконгтағы билік пен азаматтар арасында жарты жылдан бері өтіп жатқан наразылықтың қақтығысқа ұласуынан сескенген ҚР СІМ 118 студентті елге алып келді.
Гонконгтағы жарты жылға созылған наразылықтың төтенше жағдайға ұласуынан кейін ондағы қазақстандық студенттер елге оралып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазір қазақстандық 118 студент елге жеткізілген. Тағы елуге жуық студент жуырда Қазақстанға қайтпақ.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровтың айтуынша, Гонконгтан Қазақстанға оралған студенттер 2020 жылдың қаңтарына дейін оқуын тоқтатқан, тіпті кейбірі қашықтықтан оқу формасына көшкен. Қазақстандық студенттерді елге қайтару, оларды аэропортқа жеткізу шараларымен Қазақстанның Гонконгтағы елшілігі мен қазақстандық студенттер қауымдастығы айналысқан.
«Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Гонконгте оқып жатқан барлық студенттерге Қазақстанға оралуды ұсынады. Сонымен қатар, ҚР азаматтарын қауіпсіздік жағдайы тұрақтанғанша Гонконгқа аса қажеті болмаса, бармай-ақ қоюға шақырады», – деді ведомствоның ресми өкілі.
Жарты жылға таяу уақыт жаппай наразылық шерулері жүріп жатқан Гонконг қаласында полиция бүгінде төрт мыңға тарта адамды ұстаған. Митинг кезінде бір жарым мың адам жарақат алып, 400-ден астам полиция қызметкері зардап шеккен. Шерушілер Бейжіңнің Гонконгтың дербес ішкі ісіне араласуына наразы, олар биліктен нақты қадамдар талап етіп келеді. Соңғы кездері қарсылық акциялары қақтығысқа ұласып, стихиялы сипатқа еніп келеді.
– Гонконгта болуға мәжбүр адамдардан барлық қажетті сақтық шараларын қабылдауларын сұраймыз. Ақпаратты БАҚ-та және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдығының ресми сайтынан көруге болады. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елге уақытылы оралуы мақсатында Air Astana компаниясымен ерте сатып алынған билеттерге ұшу күнін айыппұл мен баға айырмасын төлемей-ақ өзгерту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Өйткені, студенттердің көбі желтоқсанның соңына, демалыс басталар уақытқа билет алып қойған. Қазақстанның бас консулдығы Гонконгтағы қазақстандық студенттер қауымдастығымен бірлесіп студенттерді әуежайға дейін жинау және тасымалдауды ұйымдастырды, – деп хабарлады ресми өкіл.
Дәл осы себеппен өткен апта Бішкек 42 қырғыз студентін кері қайтарған еді.