Иранның рухани көсемі аятолла Хаменей жанармай бағасын 50 пайызға көтеру туралы үкіметтің шешімін қолдады. Бұл шешім демалыс күндері ауқымды наразылық шарасына түрткі болды. Елдің рухани көсемі наразылық шарасын «арандатушылар» ұйымдастырған деп айыптаған.
Хаменейдің мәлімдемесінен кейін, Теһран билігі наразылықты басу үшін елдің ғаламторын жауып тастады. Аятолла Хаменей «дүрбелең» кезінде бірнеше адамның қаза болғанын айтты, бірақ нақты мәлімет бермеген. Ол және қауіпсіздік күштеріне бұйрықты орындауға тапсырма берген.
Елдегі наразылыққа билік тарабы тәртіпсіздік және арандатушылық деген баға беріп отыр. Бұған қоса Иранның барлау органы мәлімдеме жасап: «Соңғы екі күндегі тәртіпсіздікке кінәлі адамдар табылды және тиісті жазаға тартылды», –деген. Бұған қарап, кейбір сарапшылар Иран ресми тарабының бұл мәлімдемелері наразы жұртты жаппай қырып-жою әрекеттерінен дерек береді деп қарайды.
Ислам республикасының ресми ақпарат агенттіктері ереуілшілер бір полицияны өлтіргенін айтса, жартылай ресми ақпарат агенттігі саналатын ParsToday мыңнан астам белсендінің қамауға алынғанын жазды.
Ирандағы наразылық акциясына және оған қарата үкіметтің реакциясына Америка Құрама Штаттары назар аударып отырғанын білдірді. Трамп Теһранның наразылық шарасына қаратқан позициясын сынға алды. Ақ үй өз мәлімдемесінде: «Теһран зымыран және ядролық бағдарламаларды ынталандыруда. Олар Иранды терроризмді қолдайтын және сол түзімін мақтан ететін елге айландырып отыр. Нәтижесі билеуші таптың халықты тастап, жекелеген байлық пен билік үшін күресудің қандай болатынын көрсетіп отыр», – деген.
Иран үкіметінің жанармай құнын көтеру туралы шешімі Иранның оннан астам қаласында наразылық шеруіне себеп болған.