Қазақстанның экс-президенті Назарбаев Путин мен Зеленский арасындағы мәселеге ара ағайындық танытып, оларды астана төрінде кездестірмек ойын ұсынды.
Бүгін Назарбаев «Астана Клубы» саяси форумының бесінші отырысының пленарлық мәжілісінде:
– Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, әрине, қынжылтады. Олар бір-біріне өте жақын елдер. Алайда болар іс болды, бояуы сіңді.. Ішкі және сыртқы күштер араласып кетті. Қазір қарым-қатынастың ажырап кеткені соншалық... Мен өзім Украинаны жақсы білемін, Ресейді одан да жақсы білемін. Алғашқы күндерден бастап-ақ екі елді татуластыруға тырысып келемін, – деді.
Ол Минскте бас қосып,осы мәселелерді шешуге тырысқанын айтты. «Мәскеудің талабы мен өтініші – Украинаның шығысындағы азаматтарды қорғау туралы заң қабылдау еді. Ол азаматтар – сондағы процеске қатысқандар, сотталғандар, тағы басқа... Украина Радасы мұндай заңды қабылдағанымен, ол орындалмай жата берді. Заң осы жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды», – деді Қауіпсіздік кеңесінің «өмір бойғы» төрағасы.
Сонымен қатар Назарбаев кеше Путинмен бұл мәселені ары қарай қалай шешуге болатыны туралы сөйлескенін сөз етті:
– Қарым-қатынастың ушыққаны соншалық, Украина Батыс пен АҚШ-қа аппеляциямен шығып отыр. Менің ойымша, Ресей мен Украинаның президенттерін жеке кездестіру керек. Тек осылай ғана келісуге болады. Себебі, екі ел арасындағы нақты жағдай шешіледі. Мен осындай кездесу мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір осы кездесудің дәл сәті туып тұр. Біріншіден, Зеленский сайлауда халықтың қолдауына ие болды. Дума да жаңа президентті қолдайтын азаматтарды сайлады. Ол осы мәселені шеше алады. Қос тарап келіссе, бұл мәселені алға жылжыту керек, – деді.
Сарапшы мамандар мен азаматтық қоғам Назарбаевтың Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті елордада шешуге ұмтылысын – оның Қазақстан сыртқы саясатының тізгінін қолында екенін мегзеу деп бағалайды.