Қоғамдағы әділетсіздіктерге бейжай қарай алмайтын, ақиқаттың сақшысы ретінде белгілі адвокат Абзал Құспанға қатысты айыптаулар азаматтық қоғамның назарын аударып отыр.   Ақорданың құқықтық ағартушылық қызметі мен Әділет министрлігі және Арман Шораевтың айыптауы арасында қалған адвокаттың жағдайын өз сөзімен пайымдап көрелік. 

 Атышулы процестен «Абзалды ығыстыру»

Сәуле Әбілдаханқызына берген өткір сұхбатында Абзал Құспан біраз «ірібасты мәселелердің» төркінін барлап, түйінін тарқатты. Басы даудан арылмай қойғандығын адвокат «Сотта жеңілген  тараптың өшігіп, жауласуы – адвокат қызметінің ажырамас бөлігі. Мұндай ірі «кері байланыстар»  2011 жылы Жаңаөзен тақырыбына қатысты, 2014 жылдары «қайтарым жауластық мәндегі жауап» болған» деп түсіндіреді. Ол «биыл Ақтөбеде «аса ауыр деңгейдегі алаяқтық» ісі бойынша екі азаматты, әнші Гауһар Әлімбекованы ақтаған» болатын.  Абзал Құспанның пайымдауына қарағанда, «адвокаттарға Ресейде қылмыстық қастандық үлгісінде, ал Қазақстанда шенеуніктердің ықпалы арқылы, яғни билік тарапынан қысым түрінде өшігетіні белгілі».

Оның сөзінше, Ресей Федерациясының азаматы, мәскеулік кәсіпкер Артем Лукашин мен қоғамға белгілі кәсіпкер Арман Шораев арыз жазып, Әділет министрлігі тарапынан «Абзал Құспанды адвокаттық лицензиясынан айыру мәселесі» бір кезде көтерілуінің «астары айқын».

Адвокат айыптаулардың қазан-қарашада Ислам Әбішев ісінің процесі тұсында қатар өршуін «сыбайласып ұйымдасқан жоба» деп санайды. «Әбішев соты»  сенсациялық ісінің қоғамдық бақылауға ауып бара жатқандығынан сескеніп, халықтық құқық қорғаушыны «ұжымдасқан түрде ығыстыру» деседі.

Даудың бір ұшы – бәріне ортақ «өзара оғаш әңгімеден»

«Жүйкеңді жүндей түтіп, жеке басыңнан ілік іздеп, ақтара бергенде эмоцияға ерік беріп қойғаныңды байқамай қаласың» деп ағынан жарылған адвокат әлеуметтік желідегі ортақ чатта шамына тигеннен соңғы бірер ауыз былапыт сөзін жаһанға тарап кетуін әлдебір «аяқшалыс» пен «күйежағыстың» әрекеті деп біледі. Ол «бұл сөздерім үшін өкінемін, болашақта қайталамауға тырысамын» деп, персоналды пендешілігіне кешірім сұрайды.

Әділдік таразысының басым түсеріне тізе бүге жүріп қызмет етіп, ел ілтипатына бөленген заңгердің ешбір ресми емес, ашық мәлімдеме мінберінде емес, жай ғана социумдық коммуникация барысында аз-кемді «кінәраттау» сөзі үшін жапа тармағай қаралап, инедейін ілмекті үйелмелі бәлеге айналдыруға тырысу адамшылық сотында – ақниетті адамның ісі емес. Мұнымен біз адвокатты мінсіз немесе қайсыбір шенді бағландардай «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деп «өзгеше өбектеуден» аулақпыз, тек кісіні айналасына берерімен бағалаған жөн.

Этика майшамын призма тұтар болсақ, онда үкімет үйінің қабырғасында әркез әсіре сілтеп, әбес сөйлейтін, тілінен тапқанын жұрт талқысына салатын санында қисабы жоқ ақжағалылардан басталық. Бұдан басқа 30 мың долларлық гонорар жайлы әлі айқындала қоймаған қауесет есіп жүр желі ішінде. Бұл да «түбі сұйық» әңгіме, «чаттарда тараған эмоциялық ашудан туған сөздің ешқандай гонорарға қатысы жоқ» дейді Құспанов.

«Әбішев ісінде» әшкере болған «жүйенің әшекейлері»

Абзал Құспан Әбішевті «лауазымды тұлғалармен жағаласып жүріп қорғап жатқан жайым бар. Әбішевтің тума-туыстарымен сәлемім түзу» дейді өз сөзінде. Ол:

– Экономикасы қанша қарыштап дамығанымен, адам құқықтары қорғалмаса, құқықтың салтанат құруына ықпал ететін адвокаттың хақы аяқасты етілген ел ешқашан дамыған қоғам бола алмайды. Мен ешкімнен менің құқығымды қорғауын талап етпеймін, алдағы уақытта Әбішев ісімен қатар «өз қотырымды өзім қаси беремін, – деді.

Тұрғылықты жері Оралда жүргізіліп жатқан Салық-құқық органдарының тексеру, түсініктеме беру, қызметтік тексеріс жұмыстарына байланысты қорғауындағы Әбішевтің отырысын өткізіп алған.

Әбішев спектрінен өзіне қарай ауған қос істің қозғаушы күші, түп-авторы бір деп ұғады. «Ақылға сыймайтын сценарийге» тапсырыс берушілердің атын атап, жалпыламадан бөлек жалқы түрде адрестік сынды ашық айттық. Әрине, бұл жүйеде қалыптасқан жағдайдың өзгермеуін қалайтындардың қытығына тиіп отыр. Меніңше, бұл – табиғи реакция» дейді құқық қорғаушы.

– Құпия қызметкер, бірнеше органдарға жұмыс істейтін кәсіби провакатор Азамат Шаймерденовті әшкере еттік, алда әлі жарияланбаған мәліметтерді сотта ашық айтатын боламыз. Қазіргі таңда үш ай бойы олай да былай тықпалап, орайын таба алмай ұсынған парадан бас тартса да, жемқорлық болған жерден қолға түспесе де, «пара алғысы келді» («Пара алуға оқталды») деген айыптаумен прокурор он жылдан көп жаза тағайындауды сұрауда.

Абзал Құспан Ислам Әбішевті қорғау процесінде. Фото: С.Әбілдаханқызының facebook парақшасынан

Өзіне сенімсіздік білдірілгенін қабылдағысы келмейтін «қос судья»

Адвокат «тойға барса тост айта алатындай қазақша сауаты бар судья Мекемтастың тілдік біліктілігіне қатысты бас тартқан ісімізді тостты да айта алмайтын судья Шаяхметова қарап жатыр» деп өз көңіл толмаушылығын білдірді. Сот отырысынан берілген тікелей эфирден көргендей судья оқыған бірнеше беттік қаулыда 70-ке тарта қате жіберген судья Қ.Мекемтас 28 томдық іс материалымен қалай жұмыс жүргізбек деген орынды сауал туады. 4 қорғаушы мен 4 адвокаттың қодекс негізіндегі «сенімсіздігін» қайта-қайта кері қайтарып, қорғаушыларға «менің қолым бос, Еңбек кодексінің қай бабы бойынша... процесті жалғастырамыз» деп өшіккен Айжан Шаяхметтің әрекетін азаматтар зор сынға алды. Оған судья Қажымұқан Мекемтасұлының алдынан абақтыға аттанған тұтқындардан оның ешқашан ақтау үкімін оқымағандығы, тек ұзақ мерзімді соттау үкімін шығарған деген хабарлар келіп жатқан көрінеді.

Әбішев ісінде адвокаттар мен қорғаушылар тарапынан сенімсіздік-қарсылық білдірілген судья Қажымұхан Мекемтас. Фото: С.Әбілдаханқызының facebook парақшасынан

Сот отырысында кінәсіздік презумпциясының иісі де шықпайды, мұны адвокат «біздегі кейбір судьялар прокурордан бетер айыптаушы» деп қабылдайды.

Сәуле Әбілдаханқызы жүргізетін тікелей эфирден көрген сот отырыстарындағы Шаяхметова мен Мекемтастың төрағалық етуінен еріксіз «адам құқықтары түсімізге кіретін шығар» деген ойға келесің. Процеске араласуына сенімсіздік білдірілген судья іске қатысушыларды қарашаның 6-сы кешкі 20:00-ден асқанша еркінен тыс ұстап, өз лауазымын «асыра пайдаланғаны» анық байқалады.

Сот процесіне қатысушыларды қас қарайғанша қызметінен босатпайтын, адвокаттар сенімсіздігіне іліккен судья Айжан Шаяхметова. Фото: С.Әбілдаханқызының facebook парақшасынан

Шешім қайсы?

Көптің алғысына бөленіп, қоғамға жақсы атпен танылып үлгерген Құспанның пікірінше,  бұл істің ең төте әрі негізгі шешімі – қорғау тарапы қоғам мен БАҚ институттарының қолдауы арқылы белсенділігін арттырып, жариялылық-ашықтық принциптерін талап ету. 

Ол келесі сотқа қатысып, бірде-бір процесті жібермеймітінін әрі ақтаушы тараптың ашық соттың бас-аяғын түгел аудио-бейне таспаға тартып жатқанын мәлімдеді.

Әзірге белгілі ақпарат – лицензиядан айыруы анық емес, бірақ әбден мүмкін. Сондай-ақ 11 қарашадан бастап Абзал Құспан youtube арнасын жүргізуді қолға алғанын хабарлады. Сөз соңына қарай:

– Президент Тоқаевтың қасынан Қоғамдық қабылдау комиссия құрамына елдегі Адвокаттар қауымдастығының атынан ендім. Әр түрлі салалардағы лауазымды тұлғалар тартылған кеңесте жүйелі мәселелер, бірнеше жылдар бойы жауапты мекемелерден мардымды жауап ала алмаған азаматтардың мұң-мұқтажын қарастыратын болады. Әлеуметтік желіде халыққа құқықтық ағартушылықпен белсене айналысатын боламын. Ислам Әбішев ісінен кейін фейсбукке қайта ораламын.

"The Qazaq Times"