Елімізде 120-ға тарта кеніш-карьер орнында 170-тен 200 миллион текше метр көлемінде қауіпті радиоактивті қалдықтар қоры жиналып қалған.

«Қалдықтар елдің жалпы радиациялық жағдайына қолайсыз әсер етіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіреді», – деп санайды мамандар. көп жылдан бері радиациялық қауіпсіздік мәселесімен айналысып келе жатқан Марғұлан Хамиев өзекті мәселенің көлемі мен қаупін айтып дабыл қағуда. Бұған дейін елімізде екі ядролық полигон жұмыс істеген. Семей қаласында 468 жарылыс, ал Батыс Қазақстан облысындағы Капустин Яр полигонында 40 жарылыс тіркелген. Сонымен қатар экологтың айтуынша, бұрынғы уран кен орындары да радиация көзі ретінде қауіпті.

Кәсіби эколог Марғұлан Хамиев. Фото: ашық дереккөз

Кәсіби эколог Марғұлан Хамиев:

– 118 карьер мен кеніш, оның жанында 237 миллион тонна радиоактивті қалдық жатыр. Сіз бен біз мұнымен тыныстаймыз. Бұған қоса, ұңғыма мұнайшылары бұрғыланған жерде пульпа бар. Ол қызып кетпес үшін қажет. Бұл пульпаның да зияны бар, оның радиактивтілігі 1-ден 6 мың микрорентгенді құрайды, – дейді.

Экологтар көптеген мұнай компаниялары ұзақ пайдалану барысында радиоактивті сипат алып, улы күйге жеткен құбырларды залалсыздандыру мақсатында жою жұмысына салғырт қарайтынын айтады. Оларды тек жинап қоятын көрінеді. «Сондай-ақ елде ядролық қалдықтарды қадағалауға қатысты құқықтық құжаттың жоқтығы да себеп», – дейді.

Жауапты мекемелер елдегі радиоактивті ластану ауқымының қанша екенін дөп басып айта алмайды. Энергетика министрлігі мен ядролық және радиациялық қауіпсіздік басқармасы аталған мәселе бойынша он жыл бұрынғы атқарған жұмыстарына қатысты есептерін сөз еткен.

Жергілікті билік енжар қарайтын 120-ға тарта радиоактивті қалдықтар қайнар-орны қашан залалсызданбақ? Халық денсаулығы мен қара жер иммунитетіне келтірер зиянын дер кезінде ауыздықтау жауапкершілігін сезінетін үкімет мүшелер табыла қояр ма екен, алдағы уақыттың еншісіне қалып отыр. Десе де, бұл мәселені Көкжайлау тақырыбы деңгейінде азаматтық қоғам өзі алып шығуы керек сияқты. Әйтпегенде, күнде ауысатын ведомство шекпенділері орынтағы қалғанымен, уақыт өтіп, ел улы дерттің өтіне қалып қоюы ықтимал.

Көрнекі сурет. Фото: В.Жабриков/URA.RU

"The Qazaq Times"