Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ( World Health Organization) өзіне қол жұмсайтындардың тізімінде Қазақстан 183 елдің ішінде 7-ші орынға шыққан. Тізім бойынша 100 мың адамға шаққанда «Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда суицидтің жоғары деңгейі сақталып отыр, оның ішінде Беларуссия (100 мың кісіде 26,2 суицид), Суринам және Қазақстанда (100 мың кісіде 22 суицид)» көрсеткіш жоғарылаған.
27 қазан Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласының 6-сынып оқушысы, жас жеткіншек күзгі демалыста үйінің ауласындағы қорада өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған дейін Ақтөбеде қыркүйектің 30-ы әкесінен айырылған 13 жастағы оқушы өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Мұндай қайғылы мысалдар халқы аз Қазақстанда жеткілікті. Бір ғана Жамбыл облысында жыл басынан бері 155 адам өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысқан. Жас өскіннің өз-өзіне қол салуы қоғамды болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына кері әсер етеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2015 жылы –3735 суицид қазасы болса, 2018 жылы – 4122-ге бірақ өскен. Қазақстан жағдайында суицид тұрмыс қажытқан отбасылар мен әлеуметтік дағдарысқа түскен, стресс құрсауында «айтылмай қалған жанайқайының» себебінен орын алады. Сонымен қатар, әскерге шақырылғандардың да қатарында табытпен оралғандардың көбі суицид себебімен түсіндіріледі.
Жеті атасынан қыз алыспаған қазақ елі аманат жанына қиянат етушілер қатарында неліктен жетілікке ілікті? Қаралы көшті Литва (100 мың кісіде 31,9 суицид) бастап тұрса, кейінгісі Ресей (100 мың кісіде 31 суицид), үшіншісі Гайана (100 мың кісіде 29,2 суицид), төртінші орында Оңтүстік Корея (100 мың кісіде 26,9 суицид) орналасқан.
Қыркүйектің 10-ы Суицидті алдын алудың әлемдік күні қарсаңында ДДСҰ-ның бас директоры, доктор Тедрос Адхан Гебрейюс «Жасалып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда әр 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болады», – деді. Сол сәтте тағы кемінде 10 адам өзін өзі өлтіруге талпыныс жасайды. Мұны аяқталмаған суицид дейді. Соңғы 50 жылда барлық елдегі суицид айтарлықтай жасарған, осы күнде өз қолынан ажал табатындардың 60%-ының жасы 40-қа да жетпейді. Әрбір суицид оқиғасы – оның айналасындағы отбасы мүшелері, достары мен жақындары үшін ауыр трагедия.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, әлемде жыл сайын суицидтен 800 мың адам көз жұмады екен. Олардың төрттен үш бөлігі табысы төмен не орташа елдерге тән. Суицид 15-29 жас аралығындағы жастар арасындағы өлім-жітімнің жол-көлік апаттарынан кейінгі екінші себебіне айналған. Әлемде әрі елімізде ең кең тараған суицид түрі халық арасында табуға айналған «аспа кесел» (өзін-өзі асу).
Суицид – қоғамдық, мемлекеттік, әлеуметтік, саяси, психологиялық астары бар күрделі һәм қасіретті мәселе. Бұл дертпен тек психолог немесе дәрігер қауымы күресу керек деген қате түсінік. Сондықтан да аты жаман ажал түрімен күресуде билік механизмі, невропатологтар мен психиатрлардың, психологтар мен мұғалімдердің, тіпті ата-аналардың, тұтас қоғамның рөлі зор. Бірігіп жұмыс істеген кезде ғана жас ғұмырдың ерте үзілуіне тосқауыл болуға мүмкіндік туады.