Францияда адамдарға оқ жаудырып, жергілікті мешітті өртемек болды деген күдікпен 84 жастағы ер адам ұсталды. The Guardian басылымының хабарлауынша, күдікті бұрын Францияда саясаткер болған.
Мәліметтер бойынша, күдікті алдымен мешітке от қоймақ болған. Кейіннен адамдарға қарай оқ жаудыра бастаған. Артыншы көлігін өртеп, ізін суытқан. Байонна қаласында болған атыс салдарынан 74 және 78 жастағы екі ер адам ауыр жарақаттанды.
Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, күдікті 2015 жылы Ландадағы жергілікті сайлауда Марин Ле Пеннің әсіре оңшыл «Ұлттық майдан» (қазіргі Ұлттық бірлестік) партиясына кандидат болған. Әрі сайлаудың алғашқы турында 18% дауыс жинаған. Ұлттық бірлестік өкілдері де мұны растап отыр. Бірақ партияның идеясын ұнатпағандықтан, партиядан кетіп қалған. Исламофобия жөнінде пікір білдірген Франция президенті Эммануэль Макрон мешітке жасалған шабуылды қатаң айыптап, «мұсылман азаматтарды қорғайтынын» айтты.
Биыл наурызда Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч қаласында екі мешітке жасалған террорлық шабуылдан 50 адам қаза тауып, 34 адам жарақат алған еді. Қарулы күдікті ең алдымен «әл-Нұр» мешітіне басып кіріп, жұма намазында тұрған 300-ге жуық адамға оқ жаудырған болатын.