Бүгін елорда шетіндегі қатаң режимдегі түрме ғимаратында атышулы «ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысты» деген айыптаумен 14 азаматтың сот процесі басталғаны хабарланды. Айыпталушының барлығы да «Жусан» операциясы аясында арнайы ұшақпен Сүриядан елге жеткізілгендер.

Ел астанасының мамандандырылған ауданаралық соты көшпелі отырысында судья Әділ Шайхисламов бүгін таңғы 10:00-де зайырлы елдерде, соның ішінде Қазақстанда (2015 ж.) да тыйым салынған "ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысы бар" 14 азаматтың ісін қарауды бастады. Оларға өздерін «Ислам халифатын орнықтырушылар» ретінде санайтын ДАИШ «террорлық ұйымы құрамына қатысты» деп айып тағылуда.

Халықаралық ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысты қазақстандық істі қарап жатқан судья – Әділ Шайхисламов. Фото: ашық дереккөз

Айыпталып жатқан 14 адамның барлығы бір кездері мәдениет ошағы болып, бүгін ойрандалған соғыс аймағында болған 25-50 жас аралығындағы ер азаматтар. Осыған дейін, нақтырақ айтқанда, 17 қазан ҰҚК халықаралық «ДАИШ лаңкестік ұйымының құрамында болған» 14 азаматқа қатысты істі тергеу амалдары аяқталғанын, сотқа жолданғанын хабарлаған еді.

Ашық сот отырысында залға сыймаған кейбір БАҚ өкілдері сыртқы бөлмеде арнайы монитордан бақылады. 22 қазан 2019 жыл. Астана. Фото: Азаттық/Өркен Жоямерген

Тергеу қорытындысына бойынша, 14 азаматқа "террористік әрекетке қатысты", «терроризм әрекетіне тартты», «терроризмді насихаттады»,  сондай-ақ өзге де ауыр қылмыстар жасаған деген айып тағылған.

Азаттық жариялаған ауыр қылмыс түрлерімен жауапқа тартылып жатқан азаматтардың аты-жөні:

1) Алтаев Данияр

2) Амангелді Абзал

3) Айыпқалиев Ермұқан

4) Әбілқайыров Тұрлан

5) Әжмәмбетов Жандос

6) Бақытжанов Ғазинұр

7) Жансеңгіров Аманжол

8) Ибраев Бақтияр

9) Қамалов Нұрлан

10) Қуанов Руслан

11) Нарботин Алмас

12) Сәбитұлы Дәурен

13) Сәдуақасов Думан

14) Төреханов Данабек

Айыпталушылардың бірі Сүрияда алған жарақатына байланыста госпитальда жатыр. Туыстарының сөзінше, оның денесінің 30 пайызы ғана қимылға келеді.

Күдіктілерді сот залына арнайы жасақ өкілдері жеткізген. 22 қазан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

Еске сала кетсек, биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті үш рет жүргізілген «Жусан» операциясы нәтижесінде Сүриядан Қазақстанға 595 қазақстандық азамат алып келінген. Оның 400-ден көбі балалар. Сыртқы істер министрлігі мәліметіне қарағанда, мұндай күрделі операцияға бірнеше ел, оның ішінде АҚШ та көмектескен. Бұған дейін 10 ер және 5 әйел адам Қазақстанда тыйым салынған аталмыш лаңкестік ұйымға қатысы бар деген айыппен сотталып, түрлі мерзімге бостандығынан айырылған болатын.

Ашық сот отырысында залға сыймаған кейбір БАҚ өкілдері сыртқы бөлмеде арнайы монитордан бақылады. 22 қазан 2019 жыл. Астана. Фото: Азаттық/Өркен Жоямерген

"The Qazaq Times"