Түрік президенті Режеп Тайип Ердоғанның Еруропа елдеріне ұстанған көзқарасына және Германия мен Нидерландыны нацистік әрекеттер жасады деп айыптауына Франция мен Германия басшылары қарсылық білдірді. Бір күн бұрын "Парс" баспасөзі, Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркельтелефон арқылы сөйлесіп, Ердоғанның пікіріне қарсы ортақ пікірге келгенін хабарлаған болатын. Олар: «Түрік президенті Ердоғанның Германия мен Нидерландыны нацизммен салыстыруын және Германия мен Еуроодақтың басқа да мүшелеріне қарсы сөйлеуін қабылдауға болмайды», – деген тұжырымға келген.
Нидерланды Түркия министрлеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермегеннен кейін, Ердоған үкіметі мен Еуропаның қарым-қатынастары қайшылықтарға ұласты. Түркия басшылары өз елінің Конституциясына өзгерістер енгізу референдумына байланысты үгіт-насихаттарын Еуропада өмір сүретін түрік азаматтарының арасында жүргізбек болғанда кейбір еуропалық үкіметтердің қарсылығына ұшыраған еді.
Өткен жылы 16 шілдеде болған «билікті әскери төңкеріспен тартып алмақ болды» делінген топты дер кезінде ауыздықтаған Ердоған билігі, осы істің қызуында ел аумағындағы өзін жақтамайтын біраз азаматты тұтқындап, қуғынға ұшыратқан еді. Бұл туралы Еуропа елдері түрік билігін қатаң сынға алған болатын. Адамдық құқықтың тапталғаны туралы өре түрегелген Еуропа елдерінен бет бұрған Ердоған, сол кездегі Түркиямен арада әскери қақтығыс туылғалы тұрған Ресеймен тіл біріктірді. ЕО-ның салған санкцияларынан ширығып отырған Ресей билігі бірден Ердоғанның жақтасына айналған болатын.
Түркияның Ресеймен ортақ пікірге келуі Еуроаймақтағы елдердің шамына тиді. Сондықтан, түрік билігінің референдумға байланысты Еуропадағы түрік азаматтарына жасамақ болған үгіт-нәсихатына жол бермей келеді. Алайда, Ресей-НАТО арасындағы жанжалдар толастап, Ресей мен ЕО арасы жақындар болса, Ресейге арқа сүйеп Кәрі құрлыққа азу тісін көрсетіп отырған Ердоған билігі оқшау қалмасына кім кепіл. Өткен тарихта да Ресей билігінің өз мүддесі сынға түскенде, одақтастарына опалы болған сәттері тым аз кездеседі. Уашингтон билігіндегі дәстүрлі Ресейге деген сенімсіздік те соның айғағы.
“The Qazaq Times”