Бүгін елоданың Халықаралық әуежайында белгілі тіл жанашыры мен тасымалдаушы әуекомпания арасында дау туды. Fly Arystan әуекомпаниясы «қара тізімге» іліккен Оғыз Доғанды тіркеу пунктінен өткізбей қойды.
Осыған дейін бортсеріктің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен Оғыз Доған 2017 жылы 22 желтоқсанда Air Astana әуекомпаниясын сотта жеңіп, 1 теңге көлеміндегі моральдық шығын өндірген болатын.
9 қазан орын алған мәселеде де филология ғылымдарының докторы, қоғам белсендісі Оғыз Доған отбасы мүшелерімен «бір ай бұрын» алынған билетіне қарамастан, Air Astana-ға қарасты ел ішіндегі рейстерді жүргізетін Fly Arystan компаниясының қызметкерлері оның «соттан кейін қара тізімге енгізілгенін» айтып, ұшаққа кіргізбей қойған. Fly Arystan өкілдері бүгін астана уақытымен 14:55-те Шымкентке қарай ұшуы тиіс KC7327POW рейсіне Оғыз Доғаннан өзге отбасыларының «ұшуына болатынын» айтып мәселенің шешімін «ұсынғандай болды».
Түркологтың жолдасы Жібек Әбілғазы билетті 8 қыркүйек flyarystan.com сайтынан сатып алған. Бірақ ұшу уақытына дейін әуекомпания тарапынан жолаушының «қара тізімге енгізілгені жайлы» ешбір ақпарат я хабарлама келмеген. Билетке төлем операциясы еш қиындықсыз сәтті жүргізілген.
Оғыз Доған мұны «Air Astana жас баладай менен кек алып отыр» деп бағалайды. Отбасымен (өзі, әйелі, баласы) жолға шыққан Доғанның жан айқайына полиция қызметкері араласқан кезде өзін Fly Arystan мен Air Astana өкілі ретінде таныстырған Сұңғат Абылайұлы «Соттан кейін қара тізімге енгізілгенін» растап, «...мінгізе алмаймыз» деп кесіп айтты. Әуекомпания өкілі колл-орталыққа хабарласып, заңгерлермен байланысуды немесе билет ақысын кері қайтару жолдарын ұсынды. Air Astana-ның ішкі жарғы-ережелеріне қатысты қара тізімге енгізу тұтынушы құқықтарына қайшы болғаны ма деген сауал туады. Мемлекеттік тілдегі олқылықтармен күресетін тіл жанашырлар жекелеген компаниялардың «қара тізіміне» ене беретін болса, қоғамдық қызмет алу хақысынан қағылып, құқығы тапталмай ма?
Жолынан қалған Оғыз Доған оқиға орнынан facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, құқық қорғаушылар мен құқықтық органдардан көмек сұрады. Жолдан емес, жанжалдан азап шеккен Оғыз Доғанға хабарласып білгеніміздей, жолдасы мен баласы үшеуі басқа күнге өзге әуекомпанияға билет алған. Алдағы уақытта заңгер Абзал Құспанмен бірге бүгінгі жайтқа байланысты заңдық тұрғыда «іске кірісетінін» мәлімдеді.
Сонымен қатар екінші тарап Air Astana әуекомпаниясына хабарласып, бес рет бір-біріне допша сілтеген қызметркерлерден мандытып жауап ала алмадық. Ал Fly Arystan өкілі қоғаммен байланыс немесе басшылық бөлімдерінен жауапты маманмен тілдесуді сұрағанымызға қармай, тек «хабарлама түрінде» сайтқа жолдауын, «екі аптаның ішінде қарастырылып, бір хабар берілетінін» айтты.
«Сервис критерийі бойынша» бірнеше дүркін халықаралық сыйға бөленген маңдай алды әуекомпания дүния жұртына оң қабақ танытқанда, «қазақ тілінің сақшыларына» қырын қарап, тұқыртату саясатымен айналысуы азаматтық қоғамның ашуы мен алаңдаушылығын тудырды.
Екі сағат алдын ғана жарияланған тікелей эфирді 4 мың кісі қарап, 140 рет бөлісіп, 500-ге тарта пікір қалдырылған. Көпшілік «әуекомпанияның ісіне наразылық танытып, сотқа беруді» сұраған.