«Ашық алаңдағы» депутат Геннадий Шиповскихтің 7-бапқа толықтыру енгізу туралы ұсынысқа қатысты «басқа ұлттардың құқығын ескеру керек, ...референдум қажет» деген пікіріне қатысты қазақ тілінің жанашыры, филология ғылымдарының докторы Оғыз Доған мәлімдеме жасады.
Тоқаев басшылыққа келгелі шынайы демократияның лебі сезіліп, «Хабар» арнасымен үндес һәм позициялас «Қазақстан» ұлттық арнасында ерекше бетбұрыс байқалғаны белгілі. Азаматтық қоғамның уәжі мен үні беріле бермейтін бірінші арна жұртты толғандырған өткір тақырыптарды алқалы топта талқылайтын деңгейге көтерілгенін білеміз.
Бәзбіреулер айтқандай «уақытша алдарқату», «парды шығару» болса да, елді мазалаған маңызды мәселелер оқтын-оқтын төбе көрсете бастады төр арнамыздан. «Ашық алаң» бағдарламасының 30 қыркүйектегі «Тілдің тағдыры» шығарылымында «шенділер мойын бұрмайтын», ести қойса тіксіне қалатын «Мемлекеттік тіл» жайы сөз болды.
Бағдарлама спикерлерінің бірі қазақ тілін судай меңгерген, «Жайдарман» ойындарынан қалмайтын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шиповских Геннадийдің мәлімдемесі қазақтілді ұлт жанашырларының қарсылығын тудырған еді. «Моно-мемлекет емеспіз, біз көп ұлтты мемлекетпіз» деген депутаттың орыс тілінің қолданылысына қатысты 7-бапты өзгерту жайын тек «референдум» арқылы ғана шешуді ұсынған болатын.
Бұған байланысты түрколог, тіл жанашыры Оғыз Доған өз наразылығын білдіру мақсатында әлеуметтік желіде ашық хат түрінде депутат Шиповскихқа жауап берді. Осыған дейін есімі қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін «Air Astana» әуе компаниясымен соттасып, жеңіп шыққан әрі «Қазкоммерцбанк» бөлімшесінде мемлекеттік тілде қызмет алуды талап еткен қоғамдық резонанс деңгейіндегі оқиғалармен танылған Оғыз Доған бүй дейді:
Конституцияны білмей, саяси қателескен Шиповских мырзаға жауап!
Қазақстан ұлттық телеарнасында «Мемлекеттік тілдің мәртебесі» тақырыбы талқыланатын «Ашық алаң» бағдарламасына спикерлердің бірі ретінде қатысқан мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, қазақ тілінің тағдырына қарсы сөз сөйледі… Шынымды айтсам, мен бұл кісіні қатты құрметтеймін!.. Өйткені, мен Геннадий мырзаны, өзі орыс бола тұрып, қазақ ұлтының билігін мойындап, қазақтың тілін сыйлаумен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген мәселелерді де көтеріп жүрген адал азамат ретінде танимын. Сол үшін айтқан сөздеріне таң қалдым! Ақын Қазыбек Иса Ұлттық Кеңестегі сөзін қайталап, «Атазаңның 7-бабының 2-тармағын» өзгерту, яғни «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөзді алып тастау туралы халық талабын жеткізді. Осы ұсынысқа жауап ретінде сөйлеген сөзінде заң шығарушы орган – Мәжіліс депутаты Шиповских Негізгі заңды білмейтінін, Конституциядан хабары жоқ екенін көрсетті. «Бұл үшін референдум өткізу керектігін, өйткені Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін» бірнеше рет қайталап айтты. Қаласаңыздар, депутат мырзаның бағдарламада не деп айтқанын бірге тыңдап көрейік:
– Біз, бүгінгі таңда Қазақстан көп ұлтты мемлекет.
Сондықтан да, меніңше, жаңағы Қазыбек мырза да көп нәрсені айтты, агенттік құру туралы, Конституция туралы, біздің Конституцияға өзгеріс енгізу үшін үлкен бір халықтық референдум жасау керек.
Ал енді, мен сізге айтайын, біз бүгінгі таңда моно-мемлекет емеспіз, біз көп ұлтты мемлекетпіз.
Сондықтан да, ол мәселені жан-жақты қарау керек, меніңше.
Бұл туралы екінші рет сөзге шыққанда «референдумның керектігін» тағы бір рет басып айтып ескерткен Геннадий мырзаның ойынша: «Қазақстанда – қазақ ұлтынан басқа көптеген ұлттар болғандықтан қазақ тілінің болашағын шешер алдында олардың да пікірін сұрау керек және бұл «басқа ұлттардың құқығын ескеру» деп аталады!
Референдум керек дүние қалай болғанда да.
Біздің елімізде көптеген ұлттар бар. Көптеген ұлттардың да құқығы бар. Оны да ескере кетуіміз керек.
Депутат мырза, біріншіден сөзіңіз ғылыми жақтан қате. Мүмкін сіз «көп ұлтты мемлекет» дегенде «көп ұлттары бар мемлекет» дегенді меңзеген шығарсыз. Ал саясаттану ғылымы бойынша «көп ұлтты» деген – бұл ғылыми термин болып табылады және «көп ұлттары бар» деген сөздің синонимі емес!
Жер бетінде сіз меңзеп отырғандай көп ұлтты мемлекеттер жоқ па, әрине бар…
Мысал үшін; Люксембург. Осы көп ұлтты елдің 3 ресми тілі бар, олар – Люксембург, неміс, француз тілдері. Люксембург – конституциялы-монархиялы мемлекет. Мемлекет басшысы – ұлы Люксембург монархы.
Ал, Қазақстан болса, менен жақсы білуіңіз керек – монархия емес, Республика… Және Атазаңда Қазақстанның көп ұлтты емес, «біртұтас», яғни унитарлы мемлекет екені анық көрсетілген!
Екінші көп ұлтты мемлекет ретінде Бельгияны мысал келтіре аламыз. Белгияны екі ұлт – валлондар мен фламандар мекендейді екен. Белгияда үш ресми тіл бар, олар – фламанша, французша, немісше. Белгияның ресми атауы – Белгия Корольдігі…
Ал, Қазақстан болса, менен жақсы білуіңіз керек – корольдік емес, Республика… Және Атазаңда Қазақстанның көп ұлтты емес, «біртұтас», яғни унитарлы мемлекет екені анық көрсетілген!
Осындай дамыған монархиялық елдерден басқа, Оңтүстістік Америка мен Африканың дамымаған елдері арасынан көптеген «көп ұлтты» мемлекеттерді кездестіре аласыз. Осы орайда, жақын тарихта бөлініп, ыдырап кеткен көп ұлтты, көп тілді Югославия секілді мемлекеттерді де еске алғаныңыз жөн болар еді!..
Екіншіден, әлемде құраушы ұлттан басқа да ұлттар өмір сүрмейтін мемлекет бар ма, айтыңызшы?! Мүмкін, мұхиттағы кейбір шағын аралдарда ғана жалғыз ұлт тұратын шығар. Басқа ұлттар да бар деп, әрбір мемлекет, құраушы ұлттың тағдырын шешу үшін референдум өткізе беріп, өзге ұлттардан рұқсат сұрайтын болса, әлемде қандай хаос орын алар еді, елестетіп көрдіңіз бе?
Сіз сосын, «Біздің елімізде көптеген ұлттар бар. Көптеген ұлттардың да құқығы бар. Оны да ескере кетуіміз керек» дейсіз ғой!.. «Басқа ұлттардың құқығы» деген кезде орыс ұлтын меңзеп отырғаныңыз, айтпасаңыз да түсінікті ғой. Мен сізден сұрағым келеді, өзіңіз орыс ұлтының өкілі болған үшін бүгінге дейін қай қазақ, сіздің қандай құқығыңызды бұзды? Сіз орыс болғандықтан қай қазақ сізді кемсітті, өзекке тепті, қай қазақ сізді қорлады? Түрлі себептермен өз еліне қоныс аударып келген алуан түрлі ұлттарды бауырына басып, олармен ішкен суын, бір тілім нанын бөліскен осы мейірімді қазақ емес пе еді? Енді оған, еліңнің, тіліңнің тағдырын шешу үшін өзге ұлттардан рұқсат сұра деймісіз???
Қазақ тілі – Қазақстандағы барлық ұлттардың ұйытқысы екенін естен шығармаңыз, депутат мырза!.. Сіз, Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағының, достығы мен татулығының символдарының бірісіз, сондықтан да құрметке өте лайықты адамсыз!.. Сіздей үлгі тұтарлық адамның Қазақстанның нағыз патриоты екеніне әлі де сенімдімін! Сол үшін түсінерсіз деп ескертіп өткім келеді:
Сіздің қазақ ұлтының болашағын шешуші «референдум» дегеніңізді, отаршыл шовинизмге қарсы бас көтеріп, ұлт-азаттық күресін бастаған Алаш зиялылары осы әрекеттерімен өткізіп еді…
Осы референдум, Алашорда үкіметінің құрылуымен нәтижеге жетті.
Референдум нәтижесінің мәтіні, Мұстафаның көз жасымен, Әлиханның, Мағжанның, Ахметтің, Міржақыптың, Шәкәрімнің таза қанымен жазылды.
Осы референдумға 1986 жылдың Желтоқсанында, Алматының аязында қазақ жастары тарапынан мөртаңба басылды!
Сіз айтқан референдум 1991 жылы тәуелсіздік декларациясы қабылданған күні, ресми түрде бекітіліп, бүкіл әлемге жария етілді!
«Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген түсініксіз, өтірік сөз бар.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет емес. Қазақстан қазақ ұлтының жері!
Және әрине Қазақстан Республикасының азаматы өзге ұлт өкілдері бар қазақ ұлтымен тең құқықтарға ие.
Бірақ олар, жай ғана этнос өкілдері!
Оғыз Доған