Иракта бір аптадан бері наразылық шаралары жалғасып жатыр. Үкіметтің шерушілерді тоқтатуға жасаған шаралары өнім берген жоқ. Шерулер кезінде қаза болғандар саны 100-ге жеткенін, елдегі Адам құқығы бойынша парламенттік комиссия растады. Сенбі күні коменданттық сағат алына сала наразылық жүрістері қайта басталды.
Ирактағы наразылық бір жыл бұрын билік басына келген премьер-министр Әділ Абдул-Махдинның билігіне қарсылығын білдіруде. Жемқорлық, жұмыссыздық және үкімет қызметкерлерінің жұмыс сапасының нашарлығы Ирак жастарының көшеге шығуына негізгі себеп болған.
Ереуілдер елдің оңтүстігіндегі шиіттер шоғырланған өңірде күтпеген жерден басталды. Қарсылықтық басында тұрған лидерлері де жоқ болса да, көп ұзамай дүмпу тұтас елге жайылып кетті. Шеруге қатысқандар арасында 540 алам қамауға алынды, бірақ олардың көбі қайта босатылып, 200-ге жуық адам қамауда тұрғанын жергілікті ақпарат құралдары жазуда.
Ирак мұнай қоры жағынан әлемнің 4-ші орнында тұрады. Алайда, елді жұмыссыздық пен кедейшілік дендеген. Дүниежүзілік банктың көрсеткен мәліметіне қарағанда, Иракта әр 6-ші отбасы ашарлықпен күн өткізіп келеді. Былтыр бір жыл ішінде жұмыссыздық деңгейі 8 пайызға дейін өскен. Жұмысқа жарамды азаматтардың тек 17 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.
2014 жылы өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топ Ирактың Мосул шаһарында «халифат» жариялап, елдің басым көп аумағын басып алған. Бағдат билігі терроризмге қарсы күресте жеңіп шыққанын жарияласа да, ел әлі аяғынан тұрып кете алған жоқ. Дүниежүзілік банктың есебінде, Иракты қайта құрып шығу үшін 88 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы керек.