«Сауд Арабиясы соғысты қаламайды, бірақ, Иранды жауапкершілікке тартамыз». Бұндай мәлімдемені Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адел әл-Жубейир жасады. Ол елдегі екі мұнай нысанына жасалған шабуыл байланысты әскери әрекеттерді қамтыған барлық шараларды жасап жатқанын білдірген.

Естеріңізде болса, 14 қыркүйек күні Сауд Арабиясының ең үлкен екі мұнай нысанына шабуыл жасалып, елдің өндірісі 50 пайызға дейін қысқарған болатын. АҚШ шабуылға байланысты Иранды айыптаған, жақында Еуропа елдері де осындай көзқараста екенін білдірді.

Ал, Теһран мұндай айыпты шетке қақты, әрі АҚШ пен Сауд Арабиясы секілді одақтастар әскери шабуыл жасайтын болса, Иран қатаң жауап қайтаратынын ескерткен.

Бұдан бірнеше күн бұрын Иран СІМ басшысы Жавад Зариф те Иранның соғысты қаламайтынын, алайда шабуылға қатаң қарсы тұратынын, егер «АҚШ бірінші болып соғыс бастаса, бұл соғыстың жеңімпазы болмайтынын» айтып еді. Тараптардың кезектескен мәлімдемелері Парсы шығанағындағы соғыс қаупін күшейте түсуде.

“The Qazaq Times”