Иран президенті Хасан Рухани БҰҰ Бас Ассамблеясында жасаған баяндамасында ИИР-ның санкция жағдайында ешқандай келіссөз жүргізбейтінін айтты. Ол АҚШ-тың 2015 жылы жасалған келісімнен бір жақты шығып кеткенін және осы келісімдегі Еуропа елдерінің келісімді жалғастыруға дәрменсіз болғанын айтып өтті.

Хасан Рухани БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында АҚШ-тың Иранға жасаған қысымы және БҰҰ-ның оған үнсіздік танытуын айыптады. Ол сөзінде: «Иран санкция салу, экономикалық қысым жасау арқылы бір елді тізе бүктіргісі келетін дұшпанымен келіссөз жасамайды», – деді.

Иран президенті сол елдің рухани көсемі аятолла Хоменейдің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып: «Келіссөзге оралудың жалғыз жолы – 2015 жылғы келісімді қалпына келтіру және санкцияларды жою», – деп көрсетті. Ол және жалпы әлемге АҚШ пен Еуропа елдерінің келісімдегі міндетін атқармай отырғаны дәлелденгенін де айтып өткен.

Президент Рухани баяндамасында Израильдің Палестина жерін басып алуы, Иерусалимді орталық қала етуге тырысуы сынды агрессиялық әрекеттерін айыптады. Бұған қоса, Батыс Азия (Батыста Таяу-Шығыс) өңіріндегі болып жатқан қақтығыстар мен қантөгістерде Израиль мен АҚШ-тың жауапкершілігі зор деп көрсеткен.

Парсы шығанағы мәселесі жөнінде Иран президенті: «Парсы шығанағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғау Иранның тарихи міндеті. Иран Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазының бейбітшілігін қалайтын барлық елді «Үміт коалициясына» немесе «Ормуз бұғазы бейбітшілік коалициясына» қатысуға шақырамыз», – деп мәлімдеді.

 

“The Qazaq Times”