Қазақ киносының тарихындағы ең қымбат картиналардың бірі «Көшпенділерге» 2003 жылы 30 миллион доллар қаражат бөлінген еді. Тарихи фильмдердің қатарын толықтыруға мүдделі «Томирис» фильмінің бюджеті жарияланды.
"Қазақфильм" АҚ президенті Арман Әсенов осыған дейін "Қазақ хандығы: Алмас қылыш" және "Қазақ хандығы: Алтын тақ" фильмін шығарған кезде "Шыңғысханның" 38 сериалын түсірген Батыр атты режиссерді шақырғанын айтты. Оның сұраған гонарарын қалта көтермейтін болған соң Батырмен қоштасып, 10 млн долларға режиссер Рустем Абдрашев "Қазақ хандығын" түсірген. «Қазақфильм» жетекшісі Әсеновтың сөзіне сенсек, екі жыл бойы ел тағатсыздана күткен «Томирис» «фильмнің түсіріліміне 10 млн-ға жуық доллар қаражат жұмсалды». Осы тұста Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев "Томирис" фильміне 2 млрд 259 млн теңге жұмсалғанын нақтылады.
– Кино тез ақша табудың көзі емес, бұл бизнес емес. Кино – көп ақша, бірақ ол ақша артығымен оралады. Киноны, мәдени мұраны бюджетпен салыстыруға келмейді. Біз өз ұрпақтарымызға қалдыруға, тарихымызды жасауға тырысамыз, – деді Арман Әсенов.
Ақан Сатаевтың "Томирис" кең ауқымды тарихи драмасының премьерасы 25 қыркүйекте астанада, ал 26 қыркүйекте Алматыда өтеді. Кинотеатрларда ол 27 қыркүйектен бастап көрсетіле бастайды. Фильмді "Қазақфильм" киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Сатайфильм" киностудиясымен түсірген.
Екі жарым жылға жуық жұмысты қажет еткен дақпыры зор фильм 93 күнде түсірілген. Түсірілім алаңында бір уақытта 400-800 аралығында адам жұмыс істеген деседі. Үлкен төрт локация – Шүнжа, Қапшағай және Алматы, Көкшетау. Сонымен қатар, режиссер Ақан Сатаев басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын үшін бұл фильм дебют екенін атап өтті. Бұған қатысты фильм режиссері "Біз ең басында мүмкін Вавилон, Кир патшасы бар кино бөліктерін Мароккода түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, біздің суретшілеріміз барып, ол жақтың декорацияларын көріп келгеннен кейін кішкене қаражат жағын үнемдеу туралы шешім қабылданды", – деді.
«Тұмар патшайым» 2007 жылдан бері отандық кино саласында еңбек етіп жүрген Ақан Сатаевтың 14-ші фильмі. Туынды сақ тайпалары патшайым Тұмардың қолбасшылғымен ұлы даланы басып алғысы келген парсы патшасы ІІ Кирге жойқын тойтарыс бергені туралы баяндайды. Кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген арудың тағдыры айтылады.
Тарихи картинаға отандық танымал киножұлдыздар Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлеповтер түскен.