Иранға қарсы Сауд Арабиясы мен АҚШ қатысатын жаңа коалиция құрылмақ. Бұл аймақтағы теке-тіресті тіптіде күшейтіп жіберуі мүмкін деген қауіп бар. Дегенмен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранға қарсы соғысты болдырмауға тырысатынын айтқан еді.
Помпеоның мәлімдеуінше, жаңа коалиция аймақтың тұрақтылығын сақтау мақсатында құрылмақ. Құрама Штат тарабы Иранмен соғысты болдырмауға бар күшін салады. Ол сондай-ақ, бұндай тежеу шаралары нәтижелі болмаса, президент Трамп батыл шаралар жасауы да мүмкін екенін, әрі бұны Иран үкіметі де анық білетінін айтқан.
Естеріңізде болса, 14 қыркүйек күні Сауд Арабиясының мұнай нысандары шабуылға ұшырап, елдің мұнай өндірісі 50 пайызға дейін қысқарды. Бұл өз кезегінде мұнай бағасына, әлем базарына да әсер етті. АҚШ шабуылға байланысты Иранды айыптады. Теһран бұл айыпты жоққа шығарды.
Сауд Арабиясы шабуылдан кейін Құрама Штатпен қорғаныс ынтымақтастығын тіпті де күшейте түсті. АҚШ Сауд Арабиясының әуе шабуылдарынан қорғанысын күшейту үшін қосымша әскери күштерді де шығарды. Пентагон сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігін де қорғаныс ынтымақтастығына жұмылдырған.