Біз осыдан бұрын, АҚШ-тың Ауғанстаннан шегінуі Қытайдың осы ел мен аймақтағы ықпалының артуына әкеліп соғатынын болжай айтқан едік. Енді міне сол болжамымыздың дұрыстығын дәлелдегендей, Қытай мен ауғанстандық тәліптер арасында диалогтар жүріп жатқаны мәлім болды.
Ауғанстанның «Талибан» ұйымы Қытайға делегация жіберіп, Қытайдың жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесу өткізген. Қытайдың Ауғанстан ісі жөніндегі арнайы өкілі Дың Шижүнмен «Талибан» және АҚШ арасындағы келіссөз мәселесін талқылаған.
Қытайдың Сыртқы істер министрлігі кеше жасаған мәлімдемесінде «Талибан» саяси кеңесінің жетекшісі бастаған делегация өкілдерінің Бейжіңде Қытай лауазымдыларымен кездескенін растады. Қытай СІМ тарабы: «Кездесуде Ауғанстан жағдайы және Ауғанстандағы бейбітшілік процесін дамыту туралы талқы болды», – деп мәлімдеген.
Қытай мен «Талибан» арасында кездесу болғанын тәліптер де растап мәлімдеме жасады. Олардың мәліметінде Бейжіңге 9 адамнан тұратын делегацияны «Талибанның» Катардағы саяси бюросының жетекшісі Баладал бастап барған. Баладал өзінің «Твиттер» парақшасына: «Егер Трамп өз уәдесін орындамайтын болса Ауғанстандағы болған қантөгістің жауапкершілігін өз мойнына алады», – деген болатын.
Бұған дейін, нақтырақ айтқанда былтыр жыл соңынан бері АҚШ пен Талибан арасында Ауғанстандағы 18 жылдық соғысты тоқтатып, бейбіт бітімге келу мақсатындағы келіссөздер жүргізіп келген. Келіссөз кездерінде де тәліптердің қарулы шабуылдары жалғасып жатты. АҚШ президенті Дональд Трамп тәліптердің қарулы шабуылын алға тарта отырып, бейбітшілік келіссөздерін тоқтатқан болатын.
«Талибан» мәлімдемешісі, Қытай тарабы АҚШ пен тәліптер арасындағы келісімді қолдайтынын айтты. Қытайдың арнайы өкілі АҚШ пе тәліптер арасындағы келіссөзді «бейбітшіліктің негізі» ретінде бағалаған.
Қытайдың Шынжаң жері Ауғанстанмен шекараласып жатыр. Бейжің билігі көптен бері Ауғанстандағы террорлық топтар мен Шынжаңдағы «сепаратистік күштердің» (шын мәнісінде тікелей қауіп төндірген сепаратистік күштер Шынжаңның өз ішінде жоқ) бірігіп кетуінен алаңдап келген.
Ал, жақында Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларымен кездесуде АҚШ мем. хатшысы Майк Помпео «Қытайдың Шынжаңдағы әрекеті терроризмге қарсы күреспен еш қатысы жоқ екенін» айтты. Тілшілердің бұл туралы сұрағына Қытай СІМ өкілі Гың Шуаң: «АҚШ өзінің мүддесіне нұқсан келтірмеуі үшін айыпталған күштерді қолдауын тоқтатуы керек», – деген. Бұл сөзі Қытай үкіметі айыптаған күштерді қолдау, АҚШ-тың мүддесіне зиян келтіреді дегенді білдірсе керек.
Қалай болған күнде де, Ауғанстандағы Қытай ықпалының артуы Шынжаң мәселесіне, оның өзгерістеріне тікелей қатысты болмақ. Және бұл тікелей Орталық Азиядағы Қытайдың әскери ықпалын да арттыруы мүмкін.