Өткен сенбі күні Қытай тарабы мәлімдеме жасап, егер АҚШ пен Талибан бейбіт келісімге қол қойған болса, АҚШ жетекшілігіндегі шетелдік күштердің «тәртіппен және жауапкершілікпен» Ауғанстан территориясынан шығып кетуін талап етті.
АҚШ пен Талибанның арасындағы келіссөздер соңғы кезеңге өтті. Егер тараптар келісімге қол қойса, Ауғанстандағы 18 жылдық соғысты аяқтамақ. Бұл туралы Пәкістанда сапарда жүрген Қытай СІМ басшысы Уаң И журналистердің сұрақтарына жауап берген.
Қытай сыртқы істер министрі сөзінде: «Біз АҚШ пен Талибан тарабы келісімге қол қойғаннан кейін, оны толық атқаруға шақырамыз», – деген. Әрі, бейбітшілікті мақсат еткен келісімге құрмет етіп, терроризмге қарсы күрес міндеттерін орнатуы керек деген пікірінде айтқан.
АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы өкілі Хализад өткен аптада тараптар негізгі принциптер бойынша пікір бірлігіне келгенін мәлімдеді. Егер тараптар келісімге қол қойса АҚШ өз күштерін ауған жерінен алып кетеді, есесіне тәліптер елде ДАИШ, «әл-Каида» сынды террорлық ұйымдардың әрекетіне жол бермеуі керек. Бірақ, бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың мақұлдауынан кейін ғана жүзеге аспақ.
АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерлерін шығаруы Қытайдың Ауғанстандағы ықпалын күшейтуі мүмкін. Себебі, стратегиялық маңызға ие Ауған коридоры Қытайдың Шынжаң жерімен шектеседі. Әрі, ауған жерінде «Шығыс Түркістан Ислам қозғалысы» сынды ұйғырлардың бірқатар сепаратистік, террорлық ұйымдары тамыр жайған. Бұл Қытайдың батысындағы Шынжаңның қауіпсіздік мәселесіне тікелей әсер етуі мүмкін күштер. Сондықтан да, АҚШ-тың Ауғанстаннан шегінуімен қатар Қытайдың Ауғанстандағы белсенділігі күшейе түседі деуге болады.