БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысу үшін президент Тоқаев бастаған делегация Құрама Штат жерінде сапарда. Кеше Нью-Йорк қаласында «С5+1» диалогының министрлер отырысы өтті. Оған Қазақстанды қамтыған Орталық Азиядағ бес ел мен АҚШ-тың СІМ басшылары, сыртқы саяси ведомство өкілдері, елшілері қатысты.
ҚР Сыртқы стер министрлігінің ресми сайтының хабарлауынша, Диалогқа АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео өзі қатысқан. ҚР СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді мен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан СІМ басшылары және Түркіменстанның АҚШ-тағы елшісі бас қосқан.
Бас қосудағы негізгі талқы тақырыптарын шола айта кетсек, АҚШ пен Орта Азия елдерінің сауда-инвестициялық байланыстары; оны кеңейту, дамыту, жалғастыру мәселелері және Орта Азияға төнген жаңа қауіптер тақырыбы; АҚШ-тың дамуды ынталандыруға салынған инвестицияларын Орта Азия елдерінің инфрақұрылымын дамытуға қарай көбірек тарту мәселелері сөз болған.
Помпео бас қосуда Орта Азия елдерін қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын қайтарып алу ісінде әлемге үлгі болғанын алға тартып, көршілес бес елдің «көпшігін қалыңдатып қойған екен». Бұны айта келіп, Орта Азияның тұрақтылығы мен тұрақты дамуы үшін Ауғанстанмен байланысы дамыту деген ұсынысын да айтыпты.
Айта кетейік, «С5+1» деп аталатын диалог форматы АҚШ пен Орталық Азиядағы бес бауырлас, көршілес елдердің диалог жобасы. Алғашқы кездесулерін 2015 жылы тап сол Нью-Йорк қаласында бастаған. Жақында ғана еліміздің орталық қаласында Помпеоның орынбасары Дэвид Хэйлдің қатысуымен жоғары деңгейдегі кездесу өткізген болатын.
Айтпай кетсе болмас, АҚШ Трамп үкіметі тұсында Шынжаң мәселесін, Қытай үкіметінің осы автономиялы региондағы аз санды ұлттарға жасаған қысымын көбірек көтеріп, ресми мәлімдемелеріне дейін қосарлап келеді. Дегенмен, Помпеоның Шынжаң мәселесі турасындағы мәлімдемесі бір ғана ұйғыр мәселесімен ғана шектеліп жатқанын анық байқаймыз. Бұның сол өңірдегі ата қонысында отырған миллион жарымға жуық қазақ мүддесінің ескерілмегенін, мүмкін мақсатты түрде ескерілмегенін де аңғартқандай. Ендігі жерде Ақ үй қатысқан кезекті саяси мәселелерге, ашалап айтқанда ұйғыр мәселесіне «С5+1» арқылы Орта Азия елдерін тартуы да ғажап емес. Бұл ықтималдықтарды біз үшін алдын ала болжам жасау аса маңызды.