Қыркүйек айының 19-ы күні «Путинді Кремльден қумақ болған» саха бақсысы Александр Габышев жоғалып кетті.
Znak.com сайтының мәліметінше, Габышевты Иркутск облысындағы Выдрино лагерінен қыркүйектің 18-інен 19-ына қараған түні автомат пен резеңке таяқ ұстаған бір топ адам ұстап әкеткен. Әзірге оның қайда екені белгісіз. Жақтастары бақсыны арнайы жасақ сарбаздары Улан-Удэ қаласына алып кетті деп болжайды.
Журналист Борис Ветров сөзінше, бақсының үстінен қылмыстық іс қозғалып, психиатриялық сараптама тағайындалған. Бурятия тергеу комитеті Габвшевтың ұсталуына өздерінің қатысы жоқ екендігін айтты. Иркутск аймақтық ішкі істер басқармасы әзірге аталмыш оқиғаға байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Александр Габышев төрт айдан бері Қиыр Шығыстан Мәскеуге қарай жаяу жүріп келеді. Оның пікірінше, «Ресей президенті Владимир Путин қара күштерден пайда болған және онымен тек бақсы ғана күресе алады». Ол осы уақытқа дейін 2800 шақырым жол жүріп, жолшыбай кездескен адамдарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.